​​​Қазақстанда енді фонограммамен ән айтатын әншілер жазаланады

0
176

​Заң бұзған жағдайда айыппұл салынуы мүмкін.


​​​Қазақстанда енді фонограммамен ән айтатын әншілер жазаланады

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда мәдени-бұқаралық іс-шараларда әншілерге фонограммамен ән айтуға тыйым салынғалы отыр. Парламент Мәжілісі тиісті заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыттың айтуынша, фонограмманы қолдануға жаппай тыйым салынбайды. Арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталмаған алаңдарда оған рұқсат етіледі.

«Бүгін жеңісіміз – бұл фонограммаға тыйым салу. Жаппай тыйым салу емес, тек қана мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру кезінде. Бұл заңдағы терминология, яғни 200 адамнан асатын сыйымдылығы бар мәдени-бұқаралық іс-шараларды қамтиды. Оның ішінде бейімделмеген, арнайы құралмен жабдықталмаған алаңдар болса, ол жерде фонограммаға рұқсат етіледі», - деді Зайыт Мәжіліс кулуарында.

Депутаттың пікірінше, ең алдымен тұтынушының мүддесі қорғалуы керек.

«25-50 мыңға билет сатып алған көрермен аузын жыбырлатқан әншіні тыңдау керек деген қағида болмауы керек. Ол әншінің сол концертке деген жауапкершілігін, дайындығын, сол кездегі деңгейін көруге құқылы деп ойлаймыз», - дейді мәжілісмен.

Айтуынша, заңды бұзып, фонограмманы қолданған жағдайда айыппұл салынуы мүмкін.

«Ұйымдастырушыларға жауапкершілік қарастырылған. Бұл қазір нормативтік-құқықтық актілерде нақты бекітіледі. Әзірге 1 мың айлық есептік көрсеткіш бола ма деп отырмыз», - дейді депутат.