3D-томосинтез функциясы бар цифрлық маммограф — тіндердің тығыздығы жоғары әйелдерде де ісіктерді ерте кезеңде дәл анықтауға мүмкіндік беретін озық визуализациялық жүйе.
ERNUR.KZ. Астанада сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған FASEP пилоттық жобасының іске қосылуы өтті. Жоба Францияның C3Medical компаниясымен бірлесіп, Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының базасында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
3D-томосинтез функциясы бар цифрлық маммограф — тіндердің тығыздығы жоғары әйелдерде де ісіктерді ерте кезеңде дәл анықтауға мүмкіндік беретін озық визуализациялық жүйе.
Жабдық үш медициналық ұйымға: Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығына, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына, Астана қаласындағы №7 қалалық емханаға қойылды.
«Бұл аппарат диагностиканың сапасын арттырып, жалған оң нәтижелердің санын азайтып, ісіктер анықталған пациенттерге тиімді динамикалық бақылау жүргізуге жол ашады деп сенеміз. Бүгін біз еліміздегі әйелдер денсаулығын жақсарту жолында маңызды қадам жасап отырмыз», — деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жобаның іске қосылуына орай Франция делегациясының сапары кезінде.
Бұл бастама «Қазақстанда сүт безі обырының скринингіне арналған диагностикалық визуализация шешімдері» бағдарламасы шеңберінде Франция үкіметі жанындағы дамушы елдерге қолдау көрсететін Француз әлеуметтік көмек қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.