Көршілес Ресей мен Қытай елінен аз да болса сұраныс бар. Бірақ оларға сату үшін төлейтін кедендік баж салығы өткізген өнімнің он пайызына тең.
ERNUR.KZ. Елімізде қой жүні керексіз болып жатыр. Шығыстағы қой баққан шаруалар жыл сайын мыңдаған тонна жүн қырқып алғанымен оны өңдейтін жер таппай отыр, деп жазады Stan.kz.
Көршілес Ресей мен Қытай елінен аз да болса сұраныс бар. Бірақ оларға сату үшін төлейтін кедендік баж салығы өткізген өнімнің он пайызына тең. Жүн сатушылар оның тиімсіз екенін айтады. Ал осыдан жеті жыл бұрын Абай ауданында жүнді жуып, Қытайға экспорттау үшін қыруар қаржыға салынған фабрика да малшылардың күйін кешіп, банкрот болудың аз-ақ алдында тұр.
Бағдат Сағнаев отыз жылдан астам осы қой өсіретін шаруашылықта еңбек етіп келеді екен. Мал басын көбейткенімен одан алатын өнімнің пайдасын көре алмай отыр. Жылына қой мен қозысынан елу тоннадай жүн қырқып алғанымен оны ешқайда өткізе алмайды.
"Қорада міне алпыс тонна жүн буулы дайын тұр. Келесі жылы бұл түкке жарамай қалады. Өйткені жүннің арасына қара күйе түседі. Содан кейін жүннің ортасы күйіп кетеді. Оның сапасы кетеді. Ешкім алмайды", - деді өндірістік кооперативтің төрағасы Бағдат Сағнаев.
Шығыстағы қой баққан өзге шаруалардың да жайы осы. Қырқып алған жүндері қор болып, қораларында жатыр. Ал 2013 жылы Қытайдан жүз елу мың АҚШ долларына сатылып әкелініп орнатылған фабриканың жұмысы дұрыс жүрмепті. Қазір әне-міне жабылып қалайын деп тұрған фабрикада осыдан үш жыл бұрын жиналған жүннің жуылған қырық тоннасы мен жуылмаған жүз жетпіс тоннасы әлі жатыр.
"Хакасиядан жүн сұрады. Бірақ он рубль дейді. Он рубль бес теңге алпыс тиын. Осыдан үш жыл бұрын жинаған кезде бір келісін сексен теңге, жүз теңгеден жинаған болатынбыз. Осыдан алты жылдай уақыт бұрын Шығыс Қазақстандағы қойдың саны екі жарым миллион болатын. Қазір азайып, бір миллион жеті жүз мың болды. Оның жүнімен бірге терісі де керексіз. Ал кезіндегі "мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір" деген шаруалардың бүгінгісі басқа жаққа бейімделіп бара жатқандай. Өйткені, соңғы уақытта шығыста шошқа өсіру мәселесі көп сөз болып жүр", - деді жүн өңдеу фабрикасының директоры Тасболат Битенов.