Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
ERNUR.KZ. "Қазгидромет" синоптиктері 21, 22 және 23 шілдеге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп жазады tengrinews.kz.
Аптаптың беті қайта бастайды
Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты көптеген аймақта найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жел күшейеді. Кей жерлерде нөсер күтіледі. Сондай-ақ бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін.
Жауын-шашын салдарынан аптап ыстық біртіндеп бәсеңдейді. Күндіз ауа температурасы мынадай деңгейде болады:
- Қазақстанның солтүстігі мен солтүстік-батысында - +20…+30 градус;
- орталық және шығыс аймақтарда - +22…+35 градус;
- оңтүстік пен оңтүстік-шығыста - +27…+35 градус.
Қай өңірлерде ыстық сақталады?
Тек Қазақстанның батысында ғана жағдай өзгеше болады. Иран аумағынан келетін ыстық ауа массаларына байланысты мұнда аптап әлі де сақталады.
Қазгидромет болжамына сәйкес, батыс өңірлерде күндізгі ауа температурасы +30…+42 градусқа дейін көтеріледі.


