Үкімет басшысының айтуынша, тұқым сұрыптарының сапасы мен өнімділігі төмендеп барады.
ERNUR.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов қуаңшылыққа төзімді тұқымдардың жаңа сұрыптарын әзірлеуді тапсырды, деп жазады sputnik.kz.
Үкімет жанындағы Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында агроөнеркәсіптік кешен саласының мәселелері қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрі импорттық тәуелділікті төмендету үшін отандық тұқым сұрыптарын әзірлеу бағдарламасы туралы хабарлады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі отандық тұқымдарды өсіру жөніндегі жол картасын әзірлеген.
"Қысқа мерзім ішінде отандық тұқым сұрыптары ғылымын дамыту жөніндегі орта мерзімді бағдарлама қабылдау қажет. Тұқым сұрыптары сапасызданып, өнімділік төмендеп барады. Жылдан жылға құрғақшылық белең алуда. Бұл жағдайда қуаңшылыққа төзімді әрі мол өнім беретін тұқымдардың жаңа сұрыптарын әзірлеу аса маңызды", — деді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ отырыста көктемгі егіс жұмыстарына қосымша қаражат бөлу, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткізу логистикасының негізгі проблемалары талқыланды.
Қазіргі сыртқы саяси ахуал әлем елдерімен қатар Қазақстанда да ауыл шаруашылығы тауарларының, соның ішінде техника, тұқым, генетикалық материал, минералды тыңайтқыштардың қымбаттауына түрткі болып отыр.