Қазақстанда міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден кімдер босатылады

0
421

Олардың өтініші негізінде жұмыс берушіге МЗЖ ұстап қалуға және оны БЖЗҚ-ға аударуға рұқсат етіледі.


Қазақстанда міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден кімдер босатылады

Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексіне сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) төлеуден, егер мерзімсіз уақытқа белгіленген болса, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар босатылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

БЖЗҚ баспасөз қызмерінен хабарлағандай, жұмыс берушіге жоғарыда аталған адамдардың өтініші негізінде МЗЖ ұстап қалуға және оны БЖЗҚ-ға аударуға рұқсат етіледі.

«Осылайша, мерзімсіз уақытқа белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар қазақстандықтар жұмыс орны бойынша БЖЗҚ-ға МЗЖ-ны ұстап қалуға келісім беретіндігі туралы өтініш беруге құқылы.
Бірінші және екінші топтағы мерзімсіз уақытқа белгіленген мүгедектігі бар адамдар БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайын берілетін зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. БЖЗҚ салымшының (алушының) Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына сәйкес ұсынылатын келісімімен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» ақпараттық жүйесінен мүгедектіктің белгіленгені туралы мәліметтерді дербес сұратады», - делінген хабарламада.

Зейнетақы жинақтары төлемін алуға өтінішті БЖЗҚ кеңсесіне жеке өзі немесе сенім білдірілген тұлға, enpf.kz интернет-ресурсы, сондай-ақ, пошта байланысы арқылы жүгінген кезде беруге болады.

«БЖЗҚ-да, сондай-ақ мерзімсіз уақытқа белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға Барып көрсету қызметінің де ұйымдастырылғанына назар аударамыз. Бұл ретте алдын ала кеңес беру, оның ішінде қызметтерді қашықтан, ешқайда шықпай-ақ алу мүмкіндігіне тексеру жүргізіледі», - делінген хабарламада.

БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.