Қазақстанда мұнай экспортынан түсетін табыс азайды – Сарапшылар

0
672

2023 жылдың 4 айында Қазақстан шетелге жалпы құны 14,1 миллиард долларға 23,5 миллион тонна өңделмеген мұнай сатқан.


Қазақстанда мұнай экспортынан түсетін табыс азайды – Сарапшылар

ERNUR.KZ. Қазақстанда мұнай экспортынан түсетін табыс көлемі азайды, деп жазады stan.kz.

2023 жылдың 4 айында Қазақстан шетелге жалпы құны 14,1 миллиард долларға 23,5 миллион тонна өңделмеген мұнай сатқан. Ал 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларында 24,4 миллионна мұнай сатып, 15,5 миллиард доллар табыс тапқан. Осылайша өткен жылмен салыстырғанда 960 миллион тоннаға аз мұнай жиналып, табыс 1,4 миллиард долларға қысқарған.

Дегенмен елімізде мұнай өндіру артып келеді. 2023 жылдың алғашқы 4 айында өндіріс көлемі 26,3 миллион тонна болған, бұл 1 жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,3%-ға немесе 1 миллион тоннаға көп. Сонымен қатар мұнай өңдеу көлемі де өскен. Мысалы, бензин өндірісі 5%-ға артса, дизель отыны 1,6%-ға артқан.

Бірақ сатылым деңгейінің кему себебі басқа болуы мүмкін. Ұлттық банк мәлім еткендей ұлттық статистика бюросында жарияланатын статистикада 3 айлық айырмашылық бар. Демек мұнай экспорты туралы қаңтар-сәуір айларына арналған мәліметтер шын мәнінде қыркүйек-қаңтар аралығындағы көрсеткіш болуы ықтимал екен. Ал бұл кезеңде елде мұнай өндірісі төмен. Бұл туралы Data Hub Telegram-арнасы мәлімдеді.

Мұнай бағасы

Сонымен қатар сатылған 1 тонна мұнайдың бағасы түсті. Егер 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларында 634 доллар болса, 1 жыл өткен соң 602 доллар болған. Себебі әр елде баға динамикасы да әртүрлі болады.

Кей сатып алушылар үшін баға өсіпті. Олардың арасында Үндістан бар. Мәселен, 2022 жылдың 4 айында мұнайдың әр тоннасы үшін 682 доллар болса, 2023 жылы 759 доллар болған.

Мұнай бағасы, әсіресе, Германияда түсіп кеткен (тоннасы үшін 881 доллардан 605 долларға дейін).

Мұнай сату нарығы

Бүгінгі таңда Еуропаға жеткізілетін мұнай көлемі артса, басқа елдерге жеткізу көлемі азайып кеткен. Қазақстанның мұнайын сатып алатын елдер ішінде Италия бірінші орында тұр. 2023 жылдың 4 айында мұнда 8,3 миллион тонна жіберілген, ал жалпы құны 5,1 миллиард доллар. Өзге Еуропа елдерінің арасында өсім Францияда (шамамен 1,1 миллиард доллар, +48,7%) және Румынияда (0,8 миллиард доллар, +33,8%) байқалады. Бірақ мұнай сатылымы Нидерландыда (-29,5%-ға, 1,2 миллиард долларға дейін), Польшада (5,8 есеге, 50,6 миллион долларға дейін), Хорватияда (3 есеге, 50,4 миллион долларға дейін) азайып кеткен. Сондай-ақ Финляндияға, Литваға, Болгария мен Мальтаға мұнай экспорты тоқтапты.

Ал Азия елдері арасында сауда әрқилы. Корея мен Қытай мұнай сату көлемі артса, Үндістанмен арадағы сауда көлемі азайыпты. Ал Бруней мен Жапония Қазақстан мұнайын сатып алуды тоқтатқан.