Қазақстанда несиесі бар адамдар саны 8 миллионға жуықтады

0
513

Сенат қаулысына дауыс берген депутаттар заң жобасының мақұлдануын қолдап дауыс берді.


Қазақстанда несиесі бар адамдар саны 8 миллионға жуықтады

ERNUR.KZ. Парламент Сенаты «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады, деп жазады ulysmedia.kz.

Сенат қаулысына дауыс берген депутаттар заң жобасының мақұлдануын қолдап дауыс берді. Осылайша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін жоғары палата қолдады.

Сенатор Бақытжан Баяхметовтың айтуынша, заң жобасы халықтың несиеге шектен тыс бату проблемасына байланысты қабылданып отыр.

«Халықты несиелендіру мәселесі өткір және қоғамда бірнеше рет көтерілді. Бүгінгі таңда республика бойынша несиелері бар азаматтардың саны 8 млн адамға жақындады. Ал неғұрлым кредиттелген өңірлерге халық тығыз орналасқан Түркістан, Алматы және Шығыс Қазақстан облысы жатады. Сонымен қатар, осы жылдың басынан бастап жеке тұлғалардың несиесі 24,6 пайызға өсіп, оның ішінде 4 трлн теңгені құрады. Жеке тұлғаларды несиелендірудің өсуі айтарлықтай ипотекалық несиелеу есебінен, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың ұлғаюы есебінен орын алды», - дейді ол.

Мемлекет басшысы бұған дейін «халықтың өсіп келе жатқан несиелеу проблемаларын шешу, сондай-ақ азаматтардың борыш жүктемесін азайту мақсатында жедел шараларды қабылдауды» тапсырған еді. Осыған байланысты үкімет бүгін қарастырылып отырған заң жобаларын әзірлеген. Сенат мақұлдаған заң жобасы 2023 жылдан бастап іске асырылады.

«Өз кезегінде заң жобалары халықаралық тәжірибені ескере отырып, әзірленді. Шетелдік заңнаманы талдай отырып, біздің заңнамаларда да азаматтарға қатысты шектеулер мен жеңілдетілген нормалар көзделеді деп есептейміз», - деді Баяхметов.

Сенатордың айтуынша, Франция, Ұлыбритания, Австралияда банкрот мәселесінің ұзартылған салдары бар. Әдетте, банкрот болғандарға бес немесе одан да көп жыл несие алу, шекарадан өту және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде шектеулер қойылады. Ұлыбританияда қарыз алушы адвокаттар алқасының мүшесі, жылжымайтын мүлік агенттігі, конкурс басқарушы, коммерциялық құрылымның басшысы бола алмайды. Ал Жапонияда өзін банкрот деп жариялаған азаматтар өмір бойы компанияларды басқару, адвокат, нотариус, бухгалтер ретінде жұмыс істеу құқығынын айырылады. Қазақстан да осындай заң қабылдап, біздің елде де банкрот болғандардың бес жыл несие алу құқығын шектеу көзделіп отыр. Алайда шет елдердегідей кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан айыру нормасы Қазақстанда енгізілмейді.