Қазақстанда «отбасы полициясы» құрылуы мүмкін бе – Үкімет мүшелері жауап берді

0
860

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл функцияны ведомство құрылымындағы бөліністер қазірдің өзінде атқарып жүргенін айтады.


Қазақстанда «отбасы полициясы» құрылуы мүмкін бе – Үкімет мүшелері жауап берді

ERNUR.KZ. Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында тиісті министрлік басшыларына «отбасы полициясын» құру бастамасы туралы сұрақ қойылды, деп жазады inform.kz.

«Ішкі істер министрлігінде жасөспірімдер инспекторы, көші-қон полициясы сияқты бөліністер бар. Отбасындағы зорлық-зомбылықты азайту үшін «Отбасы полициясы» деген ұғымды немесе қызметті құру туралы мәселеге қалай пікір білдіретін едіңіз?» - деп сұрады БАҚ өкілі.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл функцияны ведомство құрылымындағы бөліністер қазірдің өзінде атқарып жүргенін айтады.

«Кәмелетке толмағандар ісі бойынша жұмыс істейтін 2,5 мың инспектор бар. Бұрын мектеп инспекторлары болғанын білесіз. Бірақ қазір оның бәрін оңтайландырып жатырмыз. Яғни, қалыпты нормаға дейін келтірдік. Бізде 280 қызметкер әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында жұмыс істейді. Осы бөлініс сіз айтып отырған қызметтің бір түрі деп айтуға болатын шығар. Олардың функционалдық міндеттері отбасылармен, күш көрсетушілермен жұмыс істеуге бағытталған. Ондай қызметкерлер бүкіл өңірлерде бар. Олардың санын да қалыпты нормаға келтірдік – 258 қызметкер бар», - деді ол.

Айтуынша, отбасылық полицияның бастапқы көрінісі осы аталған бөліністерде онсыз да бар.

«Оның үстіне бізде 7,5 мың учаскелік инспектор бар. Олардың негізгі міндеті – осындай отбасылық жанжалдарға әрекет ету. Мұндай жанжалдарға бірінші болып солар барады. Егер жанжал қылмыстық іске ұласатын болса, соған сай құзыреті бар тергеушілер тартылады. Негізінен ондай істерге әйел тергеушілерді қатыстыруға тырысамыз. Яғни, әр құрылымда бұл мәселеге жауап беретін қызметкерлер бар. Сондықтан дәл қазір «Отбасы поициясын» құру өзін ақтамайтын шара деп ойлаймын», - деді вице-министр.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да жаңа құрылым ойлап табудың қажеті жоқ деген пікір айтты.

«Әріптесімнің сөзімен келісемін. Полицияның санын көбейтудің қажеті жоқ. Ең бастысы, зорлық-зомбылықтың алдын алу керек. Ол енді тәрбие жұмысы, қоғамды сауаттандыру мәселесі. Білікті, білімді қоғамда ондай заңбұзушылық болмайды», - деді Аида Балаева.