Қазақстанда шаруаларға жеңілдетілген несие беретін бағдарлама бір ай ерте басталмақ

0
127

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен қаржы институттарына көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуді тапсырған еді.


Қазақстанда шаруаларға жеңілдетілген несие беретін бағдарлама бір ай ерте басталмақ

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

ERNUR.KZ. Аграрлық несие корпорациясы Қазақстанда фермерлерге арналған "Кең дала 2" жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бір ай ерте іске қосылатынын мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен қаржы институттарына көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуді тапсырған еді. Осыған байланысты Аграрлық несие корпорациясы биыл бағдарламаны жоспардан бір ай бұрын іске қосу туралы шешім қабылдады. Өтінімдер 1 қазаннан бастап қабылданады. Бұл шешім ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жаңа маусымға дайындалуға қосымша уақыт береді.

Фермерлерге жылдық 5% сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие ұсынылады. Қажет болған жағдайда қарыз сомасының 85%-ына дейін "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігімен қамтамасыз етуге болады. Бұл кепіл мүлкі жетіспеушілігі мәселесін шешуге көмектеседі. Қаржыландыру еліміз бойынша Аграрлық несие корпорациясы филиалдары мен серіктес қаржы институттары арқылы жүргізіледі.

Бағдарламаға қатысу үшін шаруалар аймақтық филиалдар арқылы өтінім бере алады. Толық ақпаратты корпорацияның ресми сайтынан немесе call-орталықтан білуге болады:

– 5353 (Kcell, Activ, Beeline);

+7 775 007 68 07 (Tele2, Altel).

"Агросектордағы несие ресурстарына сұраныс тұрақты жоғары деңгейде қалып отыр. Біздің міндетіміз осы сұранысты қанағаттандыру ғана емес, сонымен бірге нарыққа икемді әрі уақытылы қаржы құралдарын ұсыну. Біз ерте қаржыландырудың сұранысқа ие екенін көріп отырмыз. Ол шаруаларға жұмысын жоспарлы әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің нақты қажеттіліктеріне сай өнімдерімізді бейімдеуді жалғастырамыз", – деді корпорацияның басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Биылғы қолдау көлемі 500 миллиард теңгеден асады.