Сарапшылар нарықтағы жағдайды талдай отырып, ең алдымен импорттағы шоколад бағасының отандық өнімге қарағанда қарқынды өскенін анықтады.
Фото: pixabay
ERNUR.KZ. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда шоколад бағасы рекордтық деңгейде өсті. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, тәтті өнімнің бағасы бір жыл ішінде 30 пайызға қымбаттаған, деп жазады Zakon.kz.
Сарапшылар нарықтағы жағдайды талдай отырып, ең алдымен импорттағы шоколад бағасының отандық өнімге қарағанда қарқынды өскенін анықтады. Айта кетсек, Қазақстан нарығындағы шоколад өнімдерінің едәуір бөлігі сырттан жеткізіледі. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында еліміздегі шоколад пен одан жасалған кондитерлік өнімдердің жалпы нарықтағы импорттық үлесі 60 пайызды құрады, - дейді EnergyProm сарапшылары.
Аталған кезеңде Қазақстан нарығына жалпы көлемі 97,5 мың тонна шоколад және шоколад өнімдері жеткізілсе, соның 58,5 мың тоннадан астамы импорттың үлесіне тиесілі болған.
Сонымен қатар, еліміздегі шоколад өндірісі де өсім көрсетті. Бес айдың қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындар 39 мың тонна өнім өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемін 14,1 пайызға арттырды. Алайда ішкі нарықтағы жергілікті өнімнің үлесі өзгеріссіз қалып, 40 пайыз деңгейінде сақталды.
Кедендік статистикаға сәйкес, Қазақстанға шоколад пен құрамында какао бар дайын өнімдерді жеткізетін негізгі ел – Ресей. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында импорт көлемінің 70 пайыздан астамы осы елдің үлесіне тиесілі болды.
Сарапшылардың айтуынша, Ресейде де, Қазақстанда да какао бұршақтары өсірілмейтіндіктен, бұл өнімдер импорттық шикізаттан өндіріледі. Сондықтан нарықтағы бәсекелестік шетелден әкелінетін шикізат бағасына бірдей тәуелді өндіруші кәсіпорындар арасында қалыптасып отыр.
Ал қазақстандық кондитерлік фабрикалардағы шоколад бағасының өсуі ТМД елдерінен жеткізілетін өнімдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болмаған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері қазақстандық кондитерлік кәсіпорындардың әзірге ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетеді. Соған қарамастан, олар экспорт көлемін ұлғайтып келеді. Биылғы жылдың алғашқы бес айында шетелге жөнелтілген шоколад өнімдерінің көлемі 25 пайызға артып, 20 мың тоннаға жетті.


