Қазақстанда SIM-карта тіркегендерді биометриялық тексеруден өткізу ұсынылды

0
101

Депутат қазір интернет-алаяқтық деректері күн сайын артып жатқанын айтты.


Қазақстанда SIM-карта тіркегендерді биометриялық тексеруден өткізу ұсынылды

Фото: Pexels.com

ERNUR.KZ. Сенатор Жанна Асанова SIM-картасын тіркеген әр тұрғынды биометриялық тексеруден өткізуді ұсынды. Пікірінше, талапты заң жүзінде бекіткен абзал. Себебі биометриялық және анкеталық верификация киберқылмыстың алдын алуға ықпал етеді дейді, деп жазады stan.kz.

Депутат қазір интернет-алаяқтық деректері күн сайын артып жатқанын айтты. Полицейлер қылмыстың себебімен емес, салдарымен күресуге мәжбүр. Өйткені қолданыстағы тіркеу жүйесінде олқылықтар бар. Абонент нөмірін іске қосарда SMS арқылы өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін жібереді. Бірақ оның тұлғасы расталмайды. Сондықтан кез келген адам бөтен біреудің жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, сим-картасын қылмыстық мақсатта емін-еркін пайдаланады.

Алаяқтар бір мезетте жүздеген SIM-картаны іске қосатын SIM-бокстарды қолдануға машықтанған. Себебі құрылғы мониторинг жүйесін айналып өтіп, жалған геолокация көрсетеді. Виртуал аккаунттар құрып, қарапайым қоңырауларды интернет-сигналға айналдырады. Демек ізін жасыр оңай.

“Қылмыскерлерді іздеу мен қолға түсіруді жеңілдету үшін абоненттік деректер базасын құру қажет. Ал SIP-телефония лицензияны қажет ететін қызмет түрлерінің тізіміне енгізілуі керек. Сондай-ақ SIP-телефония мен SIM-бокстарды заңсыз пайдаланған адамдар жауапкершілікке тартылуға тиіс. Құрылғылардың импортын заңмен реттеп, бақылау орнату да маңызды”, – деді сенат депутаты Жанна Асанова.