Қазақстанда табиғи қауіптерді талдауға жасанды интеллектіні пайдалану көзделіп отыр

0
104

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері зардап шеккен құтқарушылар миллионға жуық адамға көмек көрсетіп, жарты миллионнан астам төтенше жағдай жойылды.


Қазақстанда табиғи қауіптерді талдауға жасанды интеллектіні пайдалану көзделіп отыр

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды. Бұл жедел ден қоятын күштер мен құралдарды бір ведомствоға біріктіру, басқару тиімділігін және үйлестіру іс-қимылдарын арттыру мүмкіндігін берді. ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Ол Қостанай және Абай облыстарындағы орман өрттері, көмір шахталарындағы техногендік авариялар, алапат су тасқыны, Әзірбайжан ұшағының құлауы кезіндегі азаматтарды құтқару сияқты ірі және ауқымды төтенше жағдайларды жою жұмыстары жүргізілгенін еске салды.

«ТЖМ бөлімшелері халықаралық оқу-жаттығуларға, гуманитарлық және авариялық-құтқару операцияларына қатысты. Атап айтқанда, Түркия, Ауғанстан, Қырғызстанда болған өртті, жер сілкінісі мен селдерді жоюға атсалысты. Шет елдерге 49 рет гуманитарлық көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар кезіндегі адам шығыны соңғы 5 жылда орта есеппен 30%-ға қысқарды», – деді спикер.

Бүгінгі таңда министрлік өрт сөндіру және құтқару бөлімшелері, әскери қызметшілер, дәрігерлер, авиация мен теңіз қызметі, оқыту орталықтары, ғылыми институттардан, сондай-ақ кадрлар дайындау ошағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясынан тұратын заманауи көпсалалы құрылым болып табылады.

Басқару органдары айтарлықтай жаңғыртылды және барлық деңгейдегі жедел қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмдері жаңартылды. Бұл табиғи апаттардың салдарын азайтып, тиімді әрекет етуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, биыл су басқан елді мекендер саны 95%-ға азайды.

«Цифрландыруға және қауіп-қатерді болжауға көп көңіл бөлінуде. Геоақпараттық және спутниктік жүйелерді белсенді енгізіп жатырмыз, табиғи қауіптерді талдауға жасанды интеллектіні пайдаланып, қауіпті аймақтардың цифрлық карталарын әзірлеу үстіндеміз», – деді ведомство өкілі.

Ситуациялық талдау орталықтары және азаматтық қорғау күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйелері құрылды. Ескерту жүйесіндегі цифрлық трансформация аяқталып, ескірген шешімдердің орнына заманауи платформалар енгізілді. Алматыда ықтимал жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар туралы халықты ескертетін «MASS ALERT» шұғыл хабарлау жүйесі жұмыс істейді. Бұл жоба барлық жер сілкінісі қаупі бар аймақтарға таратылмақ.

Қазақстанда бір орталықтан барлық шұғыл қоңырауларды қабылдау және жедел ден қою үшін «112» бірыңғай қызметін құру жоспарлануда.