Видео кадры
ERNUR.KZ. 2026 жылы Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жолданды, - деп жазады Tengrinews.kz.
Мәселен, Қарағанды облысында өңірдегі тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық қоғамдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 мүшесіне қатысты сот үкімі жарияланды. Сот оларды 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ, облыстағы ірі қала құраушы кәсіпорын аумағынан мүлікті жасырын алаяқтық схемаларын пайдалана отырып ұрлаудың осындай деректеріне қатысы бар ҰҚТ басшысы мен төрт мүшесіне қатысты айыптау үкімі шығарылды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Алматыда автокөліктерді заңсыз тіркеуге, VIN-кодтар мен ақпараттық жүйелердегі деректерді өзгертуге, сондай-ақ, автокөліктерді сату кезінде алаяқтық жасауға қатысы бар ҰҚТ-ның 13 мүшесі 8 жылға дейінгі ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Елордада есірткі заттарын өткізгені үшін ҰҚТ ұйымдастырушысы мен 5 қатысушысы сотталды. Ұйымдастырушы 17 жылға бас бостандығынан айырылса, оның сыбайластарына 16 жылға дейінгі мерзімге жаза тағайындалды.
Қызылордада жүйелі түрде, оның ішінде кәсіпкерлерден ақша бопсалағаны үшін жергілікті қылмыстық ортаның 8 өкілі сотталды. Тергеу барысында оларға ҰҚТ қызметіне басшылық ету және оған қатысу айыптары тағылды. Сот үкімімен 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс жалғасады.


