Қазақстанда «жалған» кәсіпкерлерді анықтайтын бірыңғай реестр пайда болады

0
157

Тауар өндірушілерді реестрге енгізу тетігі төрт кезеңнен тұрады.


Қазақстанда «жалған» кәсіпкерлерді анықтайтын бірыңғай реестр пайда болады

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі құрылады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның айтуынша, биылғы заңнамалық жаңалықтардың бірі – қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі.

«Бұл – өндірушілер мен олардың өнімдері туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік цифрлық жүйе. Реестрге енгізу жинақталған мәліметтер негізінде «жалған өндірушілерді» анықтауға, ашықтықты арттыруға, жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді», - дейді Нағаспаев Үкімет отырысында.

Реестрге енгізу механизмі төрт кезеңнен тұрады:

  • ақпараттық жүйе арқылы өтінім беріп, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы деректерді өңдеуге рұқсат беретінін растайды;
  • мемлекеттік деректер базасымен цифрлық тексеріс арқылы ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы тексеріледі;
  • технологиялық операциялардың орындалуы бағаланады, қажет болған жағдайда өндірістік алаңға барып бағалау жүргізіледі;
  • реестрдегі отандық тауар өндірушілерге тоқсан сайын мониторинг жасалады.

Президент тізілімнің жұмыс істеу тәртібін реттейтін заңға биыл 19 мамырда қол қойған.

«Қаржы министрлігімен бірлесіп, өтінім беру сервисі әзірленіп, скоринг моделі жасалып жатыр. Отандық өндірушілермен («Бемер-Арматура», «MetalFormer», «ТаразКожОбувь» және «Alina Group») бірге әзірленген модульдер сынақтан өтіп, функционалы пысықталуда. Алдағы уақытта бизнеспен келісілген нормативтік актілерді бекіту және тізілімді толық іске қосу жоспарланып отыр», - деді министр.