Құжат қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында 19 қазанға дейін жарияланды.
Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда 65 жастан асқан жүргізушілер медициналық тексеруден екі жылда бір рет өтуі қарастырылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі жүргізушілерге медициналық анықтама беру тәртібіне өзгерістер енгізуді ұсынды, деп жазады stan.kz.
Министрлік жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтарды медициналық тексеруден өткізу қағидаларына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Өзгерістердің бірі қайта медициналық тексеруден өту тәртібіне қатысты.
“Медициналық комиссияның қорытындысын бірыңғай автоматтандырылған деректер базасына енгізу ұсынылды. Бұл мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасуды жеңілдетуге мүмкіндік береді. 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар адамдар медициналық тексеруден екі жылда бір рет қайта өтуі тиіс. Бұл талап қазірдің өзінде "Жол жүрісі туралы" заңда қарастырылған”, – делінген хабарламада.
Министрліктің айтуынша, өзгерістер медициналық тексеру нәтижелерін цифрлық жүйеде тіркеп, жүргізушінің көлік басқаруға жарамдылығы туралы ақпаратты уақытылы жаңартуға мүмкіндік береді.
Уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде бұл мәліметтерге қол жеткізе алады. Бұл жүргізушінің көлік басқаруға рұқсатының жарамдылығын жедел тексеруге және ескірген немесе дұрыс емес ақпаратты пайдалану қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Бұйрық жобасы 2026 жылғы 24 маусымдағы заң нормаларын іске асыру аясында әзірленген. Өзгерістер жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізу тәртібін реттейтін 2020 жылғы 30 қазандағы бұйрыққа енгізіледі.
Құжат қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында 19 қазанға дейін жарияланды.


