Олар 1426 адаммен байланыс орнатқан.
ERNUR.KZ. ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен ҚР карантин шараларын күшейту және коронавирустың екінші толқынының алдын алу туралы баспасөз конференциясында оқушылар мен шетелден келген азаматтар арасындағы індетке шалдығудың көрсеткіштері туралы айтты, деп жазады baq.kz.
Біз күн сайын оқушылар арасындағы аурудың таралуын бақылап отырмыз. Жыл басынан бері 250 оқушы коронавирусқа шалдықты. Оның ішінде кезекші сыныптарда оқып жүргендер саны 105-ті құрады. Олар 1426 адаммен байланыс орнатқан. Байланыс орнатқан адамдардың ішінен 19 науқас тіркелді. Қашықтан білім алып жатқандар арасында 145 жағдай тіркелді. Олармен байланыс орнатқан 348 оқушының ішінен 22 науқас тіркелді, - деді ол.
Есмағамбетова айтып өткендей, 6 қазаннан бастап Қазақстан шекарасындағы бақылау күшейді.
Бүгінде автомобиль өткізу пункттерінен 73 591 қазақстандық және шетелдік азамат өткен. Анықтамалық қағазы жоқ адамдар екі күнге карантинге жатқызылды. Олардың саны 5967, оның ішінде 122 адамнан індет шықты. Халықаралық әуе қатынасы арқылы 34 447 жолаушы келді. Оның ішінде 5925 адамда анықтамалық болмады. ПТР сынамасының нәтижесі шыққанша дейін карантин стационарында жатты. Олардың арасынан 19 ауру жағдайы тіркелді. ПТР-дің оң нәтижесі Түркия, БАӘ, Беларусь, Ресей мен Мысыр елдерінен келген азаматтардан анықталды, - деді Есмағамбетова.