Қазақстанда жылу электр орталықтарын Ресей салмайтын болды: Жобалар басқа елге берілді

0
100

Мұны үкіметтегі брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.


Қазақстанда жылу электр орталықтарын Ресей салмайтын болды: Жобалар басқа елге берілді

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда үш жылу электр орталығын Ресей салмайтын болды. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жобаны қазақстандық-сингапурлық консорциум жүзеге асырады, деп жазады stan.kz.

Мұны үкіметтегі брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Оның айтуынша, Семей мен Өскемендегі жобалар бойынша 2026 жылдың басында EPC-келісімшарттар жасалған.

“Жақын уақытта мердігерлер құрылыстың белсенді кезеңіне кіріседі. Мамыр айында негізгі жабдықтарды өндіруге тапсырыс беріліп, инженерлік зерттеулер мен құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары басталады”, – деді вице-министр.

Вице-министрдің сөзінше, негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Ал станциялар 2029 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілмек.

Көкшетаудағы Жылу электр орталығы жобасы

Көкшетаудағы жоба дайындық және ішінара құрылыс кезеңінде. “Самұрық-Энерго” мәліметінше қазір жобаға инженерлік коммуникациялар тартылған. Сонымен қатар кірме жолдар салынып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

“Биыл әкімшілік ғимараттың құрылысы басталады. Сонымен қатар станцияның жылу қуаты 520-дан 820 Гкал-ға дейін арттырылмақ. Бұл өзгерістер мердігермен жасалған келісімшартқа енгізілген”, – делінген компания мәліметінде.

Көкшетаудағы Жылу электр орталығы 2029 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылмақ.

Жобаларды кім салады?

Вице-министрдің айтуынша, жобаларды қазақстандық-сингапурлық консорциум жүзеге асырады. Сонымен қатар заманауи, оның ішінде қытайлық технологиялар қолданылмақ.

“Мұндай жобаларға тәжірибесі мен технологиясы бар компаниялар тартылады. Бұл жерде нақты жауапкершілік бар. Үш станцияға да "таза көмір" технологиялары мен жасанды интеллект элементтері енгізіледі”, – деді Есімханов.

Вице-министр ресейлік тараптың бұл жобаларға қатысуы толық тоқтатылғанын растады.

“Үш жылу электр орталығы бойынша EPC-келісімшарттар жасалды, ресейлік мердігерлер жоқ. Құрылысты қазақстандық мердігерлер жүргізеді”, – деді ол.

Жобалардың құны қанша?

Алдын ала бағалау бойынша Көкшетаудағы жылу электр орталығы шамамен 350 миллиард теңге. Семей мен Өскемендегі жылу электр орталығы әрқайсысы шамамен 400 миллиард теңге. Бұл станциялардың қуаты жоғары болуына байланысты. Жобалар тікелей бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылмайды екен.

“Бұл бағдарламаға бюджеттен қаржы бөлінбейді. Компаниялар өздері қаражат тартып, құрылыс жүргізеді. Ал нысандар іске қосылған соң ғана төлем жасалып, несиелер өтеледі”, – деді вице-министр.

Істің мән-жайы

Бастапқыда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш жылу электр орталығын салу жобасын Ресей қолға алған еді. Жобалардың тарихы 2023 жылдың қарашасынан басталады. Сол кезде вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумында тиісті ынтымақтастық құжатқа қол қою жоспарланғанын мәлімдеген. Алайда жобаларды іске асыру созылып кетті. Мерзімі мен шарты бірнеше рет қайта қаралып, Ресей тарапының қатысып иә қатыспайтыны белгісіз күйде қалды.

2024 жылдың қарашасында Мәжіліс депутаттары тиісті келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарауға алды. Құжатта жылу электр орталықтарын Ресейдің қатысуымен салу, оның ішінде жобалау, жабдық жеткізу және Ресейдің мемлекеттік несиесі есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері қарастырылған.

2025 жылдың мамырында Үкімет үш жылу электр орталығын салу жобасы бойынша инвесторды ауыстыру мүмкін екенін хабарлады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жобалау және дайындық жұмыстары жүріп жатқанымен, әсіресе Көкшетауда, қаржыландыру мәселесі шешілмегенін айтты. Атап айтқанда, жабдыққа пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесі шешілмеген.

2025 жылдың қазан айында Ресейдің жобаларға қатысуы туралы шешім әлі қабылданбаған еді. Сол кезде “Самұрық-Энерго” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов дайындық жұмыстары жүріп, қаржыландыру көздері іздестіріліп жатқанын мәлімдеген. Компанияның өз қаражаты да, Ресей тарапынан қаржыландыру да қарастырылған.

Премьер-министр 2026 жылдың наурызына дейін дайындық кезеңдерін аяқтап, құрылысқа көшу туралы тапсырма берді. Ал станцияларды іске қосу мерзімі ретінде 2029 жыл белгіленді.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан екі Жылу электр орталығы бойынша Ресейден жеңілдетілген қаржыландыруға қатысты жауап алмағанын мәлімдеді.

Көкшетаудағы жобаны Қазақстан өз күшімен жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Бұл уақытқа дейін құрылыс алаңын дайындау жұмыстары басталып, жоба Энергетика министрлігі арқылы “Самұрық-Энерго” компаниясына берілген.

Ал Семей мен Өскемендегі жылу электр орталықтары бойынша нақты шешім қабылданбаған. Үкімет Ресей тарапынан қаржыландыру болмаған жағдайда жобаларды өз ресурстары есебінен іске асыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.