Қазақстанда жылына 10 мың тонна қуаттылықтағы тағамдық желатин өндіру зауыты салынады

0
83

Инвестициялардың жалпы көлемі 58 млрд теңге көлемінде бағаланады.


Қазақстанда жылына 10 мың тонна қуаттылықтағы тағамдық желатин өндіру зауыты салынады

ERNUR.KZ. Жоба Алматы облысында тағамдық желатин өндіретін және мал шаруашылығының жанама өнімдерін – тері, сүйек және басқа да коллаген құрамды шикізатты терең өңдейтін зауыт салуды көздейді. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына шамамен 10 мың тонна тағамдық желатинді құрайды, деп хаабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Негізгі өнімнен бөлек, коллаген компоненттерін, жемдік ақуыздар мен техникалық майларды өндіру жоспарлануда. Инвестициялардың жалпы көлемі 58 млрд теңге көлемінде бағаланады.

Қазіргі уақытта ішкі нарықтағы тағамдық желатинге деген сұраныс толықтай импорт есебінен қамтамасыз етіледі, бұл ретте елімізде жеткілікті шикізат базасы бар. Қазақстанда мал шаруашылығының жанама өнімдерінің айтарлықтай көлемі қалыптасады, оларды тиімді өңдеу жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге мүмкіндік береді. Отандық өндірісті іске қосу импортқа тәуелділікті төмендетуге, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу деңгейін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың стратегиялық басымдықтарына сәйкес келеді және экспортқа бағдарланған өндірісті, оның ішінде Halal өнімдерін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ Министрлік қолданыстағы мемлекеттік қолдау құралдары аясында жан-жақты қолдау көрсетеді.

Өңірлерде ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен сүйектерін қабылдау үшін дайындау ұйымдарының желісін құру мәселесіне де ерекше назарда.