Барлық өңірде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Барлық өңірде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде 10 913 білім беру нысанының 10 693-і, яғни 98%-ы дайын. 8 өңірде дайындық жұмыстары 100% аяқталғаны байқалды. Жоспардан Алматы және Ақтөбе облыстары қалып келеді.
«Денсаулық сақтау нысандары бойынша да жағдай осындай, әзірлік деңгейі 98%-ды құрайды, яғни 5 394 нысанның бүгінде 5 281-і дайын. 6 өңірде барлық нысанның толық дайын екені байқалды. Шымкент және Алматы қалаларында көрсеткіш төмен. Тұрғын үйлер бойынша әзірлік жұмыстары 51 391 үйде аяқталды, бұл жоспардың 96%-ын құрайды. Түркістан облысында барлық тұрғын үй жылыту маусымына дайын. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында тұрғын үйлерді дайындау қарқыны өз деңгейінде емес», – деп мәлімдеді Ерсайын Нағаспаев.


