Қазақстандықтар өмір бойғы зейнетақы төлемдерін 50 жастан бастап ала алады

0
106

Мәселе зейнетақы аннуитеті туралы болып отыр.


Қазақстандықтар өмір бойғы зейнетақы төлемдерін 50 жастан бастап ала алады

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда жалпыға ортақ зейнеткерлік жасты күтпей-ақ, өмір бойы төленетін зейнетақы төлемдерін алуға болады. Кейбір азаматтарға мұндай мүмкіндік 50 жастан бастап қолжетімді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жүйені кімдер пайдалана алатынын және ол үшін қандай шарттар орындалуы керек екенін түсіндірді, деп жазады tengrinews.kz.

Кімдер 50 жастан бастап зейнетақы төлемдерін ала алады?

Мәселе зейнетақы аннуитеті туралы болып отыр. Бұл - адам жеке зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан өмірді сақтандыру компаниясына аударатын тетік. Оның орнына сақтандыру компаниясы оған өмір бойы тұрақты түрде ақша төлеп тұруға міндеттенеді.

  • ер адамдар - 55 жастан бастап;
  • әйелдер - 53 жастан бастап;
  • кемінде 60 ай бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген азаматтар - 50 жастан бастап.

Соңғы шарт зиянды еңбек жағдайларына байланысты жұмыс берушілері арнайы зейнетақы жарналарын аударған қызметкерлерге қатысты.

Дегенмен, тиісті жасқа жету жеткіліксіз. Басты шарт - зейнетақы жинақтарының жеткілікті мөлшерде болуы. Нақты қанша қаражат қажет екені адамның жасы мен болашақ төлемдердің көлемі ескеріле отырып, жеке есептеледі.

Төлемдерді бұдан да ертерек рәсімдеуге бола ма?

Сонымен қатар Қазақстанда кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті жұмыс істейді. Ол сақтандыру компаниясымен алдын ала келісімшарт жасауға, ал ақшаны кейін ала бастауға мүмкіндік береді.

Мұндай келісімшартты келесі жағдайларда рәсімдеуге болады:

  • 45 жастан бастап - зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда;
  • 40 жастан бастап - егер адам үшін кемінде 60 ай бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса.

Бұл ретте 40 немесе 45 жаста келісімшарт жасау төлемдер бірден басталады дегенді білдірмейді. Олар кейін, белгіленген жасқа толғанда тағайындалады.

Зейнетақы жинақтары таусылып қалса не болады?

Зейнетақы аннуитетінің басты ерекшелігі - төлемдерге өмір бойына кепілдік берілетіндігінде.

Ақша алып жүрген жылдары сақтандыру компаниясы адамға оның БЖЗҚ-дан бастапқыда аударған сомасынан артық төлеп қойса да, төлемдер тоқтатылмайды.

Сонымен қатар төлем мөлшері жыл сайын артып отыруы тиіс. Белгіленген индексация мөлшерлемесі кемінде 8 пайыз болады. Нақты шарттар сақтандыру компаниясымен жасалатын келісімшартта көрсетіледі.

Адам қайтыс болғаннан кейін ақша не болмақ?

Зейнетақы аннуитеті келісімшартында төлемдердің кепілдендірілген кезеңі қарастырылады.

Егер адам осы кезең аяқталғанға дейін қайтыс болса, қалған кепілдендірілген төлемдерді келісімшартта көрсетілген адамдар, ал олар болмаған жағдайда мұрагерлері ала алады. Ақшаны алу тәртібі мен шарттары келісімшартпен айқындалады.

Бұл ретте мұндай механизм БЖЗҚ шотында қалатын зейнетақы жинақтарын мұрагерлікке қалдырудан ерекшеленеді.

Жұмысты жалғастыра беруге бола ма?

Иә. Зейнетақы аннуитеті бойынша төлем алу адамның еңбек қызметін жалғастыруына тыйым салмайды.

Алайда зейнетақы аннуитеті мемлекеттік зейнетақының мерзімінен бұрын тағайындалуын білдірмейді. Мемлекеттік зейнетақы төлемдерін алу құқығы заңнамада белгіленген ережелер бойынша туындайды.

Зейнетақы жинақтары жететінін қалай білуге болады?

Ол үшін өмірді сақтандыру компаниясына жүгіну қажет, олар жинақтың қажетті сомасы мен болашақ төлемдер мөлшерін есептеп береді.

Сондай-ақ қордан және сақтандыру ұйымынан берілетін ықтимал төлемдерді салыстыру үшін БЖЗҚ-ның зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады.

Еңбек министрлігі келісімшарт жасамас бұрын бірнеше сақтандыру компаниясының ұсыныстарын салыстыруды, төлем мөлшеріне, соманың жыл сайынғы өсіміне, кепілдендірілген кезеңге және келісімшартты өзгерту шарттарына назар аударуды ұсынады.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанда зейнетақы аннуитеттері бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 миллиард теңге болды. Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 624,7 миллиард теңгеге жетті.