Қазақстандық балмұздаққа шетелде сұраныс көбейген

0
66


Қазақстандық балмұздаққа шетелде сұраныс көбейген

Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Биылғы алғашқы жартыжылдықта Қазақстан балмұздақ өндірісін рекордтық деңгейге жеткізді. Экспорт 38,5%-ға өсіп, өнімнің басым бөлігі Ресейге жөнелтілді, деп жазады Stan.kz.

Қазақстанда балмұздақ өндірісі қарқынды өсіп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сенсек, 2026 жылдың алғашқы алты айында елде 35,1 мың тонна балмұздақ өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 47,4%-ға көп. Ал ішкі нарықтың сыйымдылығы 41,2%-ға өсіп, 31,9 мың тоннаға жетті.

Орталық Азиядағы ең ірі балмұздақ өндіруші әрі саланың көшбасшысы – "Шин-Лайн" компаниясы. Компания Қазақстандағы балмұздақ нарығының шамамен 50%-ын және ел экспортының 95%-ға жуығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар "Шин-Лайн" Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ірі 75 жекеменшік компанияның қатарына енген.


2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстан 8 343 тонна балмұздақ экспорттап, өткен жылмен салыстырғанда экспорт көлемін 38,5%-ға ұлғайтты. Ал импорт көлемі 5 145 тоннаны құрап, небәрі 7,1%-ға ғана өскен.

Қазақстандық балмұздақтың негізгі экспорттық нарығы – Ресей. Бұл елге 5 748 тонна өнім жөнелтіліп, жалпы экспорттың шамамен 69%-ына тең. Сонымен қатар Қырғызстанға 2 019 тонна, Өзбекстанға 498 тонна, Тәжікстанға 53 тонна, Моңғолияға 17 тонна және Әзірбайжанға 8 тонна балмұздақ экспортталған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай нарығына шығу бағытындағы жұмыстардың да жалғасып жатқанын мәлімдеді. Қазір экспорт көлемін арттыру үшін қажетті реттеуші және логистикалық мәселелер шешіліп жатыр.

Импорт құрылымы айтарлықтай өзгерген жоқ. Қазақстанға балмұздақтың негізгі бөлігі Ресейден (2 250 тонна) және Қырғызстаннан (2 073 тонна) жеткізіледі. Бұл екі елдің үлесіне импорттың 84%-дан астамы тиесілі.