Қайырымдылық шарасына қазақстандықтардан басқа, өзге ел азаматтары да ат салысқан.
ERNUR.KZ. Ұшақ апаты кезінде отбасы тіреуінен айырылған Нұрбековтер жанұясына бір пәтердің құнын құрайтын ақша сомасы жинастырылып берілді, деп жазады Stan.kz.
Бұл ізгі іске бастама туралы Тоғжан Қожалиева есімді Facebook желісінің қолданушысы өзінің парақшасына жариялады.
Тоғжан Қожалиеваның сөзінше, 2700-ден астам адам ақша жинауға ат салысыпты. Олардың ішінде 100 теңгеден 300 мың теңгеге дейін қаражат аударғандар да болыпты. Қайырымды жандар ақшаны Қазақстанның барлық аймағынан, Ресей мен басқа да көршілес мемлекеттерден де жіберіпті. Бұл шараға Facebook, Instagram, WhatsАpp сынды желілер пайдаланыпты.
"Біз бұл жүкті жұмыла көтеріп, үш бөлмелі пәтерге ақша жинай алдық. Бұл өте керемет жағдай. Бұл отбасының осы уақытқа дейін өз үйлерлі жоқ еді. Балалар 15 км қашықтықта орналасқан мектепке барып келіп жүретін. Алдағы уақытта жанұяның туыстары жеке Нағиманың атынан жеке шот ашады. Сосын жиналған қаражат тұтастай сонда аударылады. Қанша ақша жиналғанын тек олардың жақындарына ғана айта аламыз", - деп жазыпты Тоғжан Қожалиева.
Қазіргі таңда ұшақта болған екі балаға ота жасалған. Жансақтау бөлімінен шығарылыпты. Дегенмен олардың аналарының жағдайлары ауыр көрінеді. Дәрігерлер әйелдің денсаулығына байланысты отаны кейінге шегеріпті.
"Асардың тиетін көмегі шынымен де зор. Алла разы болсын. Зардап шеккен отбасыларға жаратушының көмегі тие берсін", - деп аяқтапты сөзін ол.