Қазақстандықтар балықты аз тұтынады – министр

0
747

Қазақстанда бір адам жылына 4 келі балық жейді.


Қазақстандықтар балықты аз тұтынады – министр

ERNUR.KZ. Қазақстан балықты аз тұтынады. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.


«Қазақстан балықты аз тұтынады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, көршілес Ресейде адам басына 23 кг, Қытайда 45 кг балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық әлеуеті 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін», - дейді Мағзұм Мырзағалиев.


Сондай-ақ оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 1 мыңнан астам балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді.


«Оларға 1646 балық шаруашылығы су қоймасы және олардың учаскелері бекітілген. Салада 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2019 жылы 45 мың тонна балық ауланған. Негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асырылады», - деді министр