Қазақстандықтар өздерінен артылған электр энергиясын сата алады

0
876

Азаматтарға өздерінің шағын көлемдегі жаңартылатын энергия көздері нысандарынан өндірілген электр энергияны сату мүмкіндігі беріледі.


Қазақстандықтар өздерінен артылған электр энергиясын сата алады

ERNUR.KZ. Мәжіліс жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады sputnik.kz.

Заң жобасын парламент депутаттары президенттің 2023 жылғы жолдауында айтылған энергия тиімділігін арттыру және "жасыл" технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірлеген.
Заң жобасында "жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша шағын ауқымды объект" ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл – қуаттылығы 200 МВт-тан аспайтын жел, күн және басқа да баламалы электр станциялары.
Төмен қуатты жаңартылатын энергияның мұндай көздерін шағын және орта бизнестің, шаруа және фермер қожалықтарының, сондай-ақ жеке және көппәтерлі үйлердің қажеттіліктері үшін пайдалануға болады.
Мұндай қондырғылардың иелері артық өндірілген электр энергиясын энергиямен жабдықтаушы ұйымға сата алады. Ол үшін жаңартылатын энергия көздері нысанының иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттелмейді. Электр энергиясының шекті бағасын Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейді.
Уәкілетті органдар кедергілерді жоя отырып, жаңартылатын энергия көздерінің шағын көлемдегі объектілерін жалпы электр желісіне қосу ережелерін бекітеді. Сондай-ақ нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату бойынша үлгілік шарттар әзірленіп, бекітіледі.