Латвия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми ақпаратына сәйкес 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Латвияға кірудің жаңа тәртібі күшіне енді.
Фото: Tengrinews.kz / Турар Казангапов
ERNUR.KZ. Қазақстан азаматтарының Мысыр, Латвия, Мексика және Ресейге кіруінің жаңартылған шарттары жарияланды, деп жазады tengrinews.kz.
Латвия Республикасы
Латвия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми ақпаратына сәйкес 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Латвияға кірудің жаңа тәртібі күшіне енді. Латвияда тұруға ықтиярхаты немесе ұлттық визасы жоқ Қазақстан азаматтары Латвияға келуден кемінде 48 сағат бұрын eta.gov.lv порталы арқылы өтініш беруге міндетті.
Өтініште сапардың мақсаты, мерзімі, бағыты, байланыс деректері, сондай-ақ, өтініш беруші мен оның жақын туыстарының мемлекеттік немесе күштік құрылымдарда қызмет атқарғаны туралы мәліметтер көрсетіледі.
Мысыр Араб Республикасы
Мысыр Араб Республикасының Астанадағы елшілігінің ресми ақпаратына сәйкес 2025 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстан азаматтарына қатысты визалық режимге енгізілген жаңа талаптар күшіне енді:
- 21 жасқа толмаған қазақстандықтар ата-анасының біреуі (әкесі немесе анасы) болмаса, Мысыр аумағына кіре алмайды;
- 21 жасқа толған азаматтар Мысырға туристік сапармен барғанда сапар тек Шарм аш-Шейх аймағымен шектеліп, 15 күннен аспайтын болса, визаны Шарм аш-Шейх халықаралық әуежайында рәсімдей алады;
- Каир, Хургада немесе Мысырдың басқа қалаларына баруды жоспарлаған азаматтар сапар алдында Қазақстандағы Мысыр елшілігінен виза алуға тиіс.
Мексика
Қазақстан азаматтарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония немесе Шенген аймағына мүше елдердің жарамды көп мәртелік визасы болса, олар Мексикаға мексикалық визасыз кіре алады.
Бұл жағдайда туризм, транзит немесе табыс әкелмейтін іскерлік сапарлар мақсатында елге 180 күнге дейін кіруге рұқсат беріледі. Виза сапардың барлық мерзімінде жарамды болуға тиіс.
Егер мұндай визалар болмаса, азаматтар мексикалық визаны алдын ала консулдықтан алуы қажет.
Ресей Федерациясы
Шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшін Ресей Федерациясына кіру және шығу ережелері мен шарттарын сынақтан өткізу жөніндегі тәжірибе енгізіліп жатыр.
Тәжірибе екі кезеңнен тұрады:
Бірінші кезең 2024 жылғы желтоқсаннан бастап 2026 жылғы 30 маусымға дейін Мәскеу әуежайларында (Шереметьево, Домодедово, Внуково, Жуковский), сондай-ақ, Орынбор облысындағы "Маштаково" көлік өткізу пунктінде өткізіледі. Бұл кезеңде шетелдік азаматтардың биометриялық деректері жиналады.
Екінші кезең 2025 жылғы 30 маусымнан бастап 2026 жылғы 30 маусымға дейін Ресей Федерациясының барлық өткізу пункінде қолданылады. Визасыз режиммен кіретін шетелдік азаматтар сапарға шығудан кемінде 72 сағат бұрын (шұғыл жағдайларда 4 сағат бұрын) ruID қосымшасы арқылы кіру және елде болу мақсатын көрсетуге тиіс.
Қазір ruID қосымшасы арқылы ақпарат жолдау - әркімнің өз қалауы. ҚР азаматтары өтініш бермей-ақ Ресейге кіре алады.