Қазақстандықтарға ипотекалық қарызды зейнетақы жинағы есебінен жабуға рұқсат беріледі

0
76

Министрлік әзірлеген бұйрық жобасы 21 қарашаға дейін "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауда болады.


Қазақстандықтарға ипотекалық қарызды зейнетақы жинағы есебінен жабуға рұқсат беріледі

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндіктері кеңеюі мүмкін. Тиісті бұйрық жобасын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірледі, деп жазады stan.kz.

Министрлік әзірлеген бұйрық жобасы 21 қарашаға дейін "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауда болады.

Жоба зейнетақы жинақтарын пайдаланудың мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, жинақтарды мына мақсаттарға пайдалану ұсынылады:

• ипотекалық тұрғын үй несиесінің негізгі қарызын өтеу;
• ай сайынғы төлем мөлшерін азайту;
• несиенің мерзімін қысқарту.

Құжатта айтылғандай, бұл жаңашылдық Салық кодексінің жаңа редакциясымен байланысты. Соған сәйкес, Қазақстан резиденттері БЖЗҚ-дан алынатын зейнетақы төлемі түріндегі табыстан жеке табыс салығын төлеуден босатылады.

Бұл өзгерістердің мақсаты — біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану процесін тиімді әрі ыңғайлы ету, сондай-ақ азаматтарға қолданыстағы заңнама аясында тұрғын үй жағдайын жақсартуға қосымша құралдар ұсыну.

Қазан айының соңында Отбасы банкінде зейнетақы жинақтарын пайдаланып сатып алынған тұрғын үйді сатуға шектеу қою мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланды.

Бұған Қаржы мониторингі агенттігі анықтаған күмәнді схемалар себеп болды. Кей жағдайларда бір пәтер әртүрлі адамдарға бірнеше рет сатылған.

Мұндай теріс пайдаланулардың алдын алу үшін Отбасы банк Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қолданыстағы ережелерге өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жолдаған. Ұсынысқа сәйкес, зейнетақы жинақтары есебінен сатып алынған тұрғын үйді 5 жыл бойы қайта сатуға тыйым салу ұсынылған болатын.

Алайда кейін Отбасы банкі бұл ұсыныстың қолдау таппағанын хабарлады.