Шетел азаматы бұған дейін Атырауда интимдік қызмет көрсетіп, күніне 60 мың теңгеге дейін табыс тапқан.
Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Қазақстаннан шығарылып, елге кіруге тыйым салынған 26 жастағы Өзбекстан азаматы интимдік қызмет көрсетіп ақша табу үшін, Қазақстан-Қырғызстан шекарасын атпен кесіп өткен. Ол шекарадағы ресми өткізу пунктін айналып өтіп, дала арқылы елге заңсыз кірген, деп жазады stan.kz.
Шетел азаматы бұған дейін Атырауда интимдік қызмет көрсетіп, күніне 60 мың теңгеге дейін табыс тапқан. Ол Тайманов көшесінде пәтер жалдап, сол жерде клиенттер қабылдаған. 2025 жылы тамызда әйел көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстаннан шығарылып, бес жыл бойы елге кіруге тыйым салынған.
Қазақстаннан шығарылғаннан кейін әйел Бішкекке барған. Сонда жүріп Қазақстанға заңсыз кіруге көмектесетін ер адаммен танысқан. Қызмет құны – 900 мың теңге.
Сотта шетелдік әйел Қырғызстан аумағынан Қазақстанға мемлекеттік шекараны атқа мініп, кесіп өткенін айтты. Ол ер адаммен бірге ресми өткізу пункттерінен тыс жермен жүрген.
Шекараны атпен кесіп өткеннен кейін әйелдің Атырауға қалай жеткені белгісіз. Алайда ол өзінің діттеген жері Атыраудағы Тайманов көшесіндегі мекенжайға орналасқан. Қалаға оралғаннан кейін ол қайтадан пәтер жалдап, интимдік қызмет көрсетуді жалғастырған.
Бірақ кейін әйелді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері анықтап, ұстады. Сотта ол өз кінәсін мойындап, Қазақстанға қайта оралуына материалдық қиындық себеп болғанын айтқан. Ол науқас анасы мен кәмелетке толмаған сіңлісін асырап отырғанын жеткізді.
Осылайша, сот әйелді 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жазасын өтегеннен кейін ол қайтадан Қазақстаннан шығарылады және оған бес жыл бойы елге кіруге тыйым салынады.


