Қазақстанға уақытша келетін шетелдіктер ЖСН-ді бір сағатта ала алады

0
1 327

ЖСН шетелдіктерге елімізде бизнес жүргізу, келісімдер мен салық төлеу үшін қажет екен


Қазақстанға уақытша келетін шетелдіктер ЖСН-ді бір сағатта ала алады

фото:depstroy.vko

ERNUR.KZ. ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенбаева Қазақстанға уақытша келетін шетелдіктер құжатын рәсімдеудің жеңілдетілген режімі туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Келесі жылдан бастап көрсетілетін жаңа қызметтерге тоқталғым келеді. Келесі жылдан бастап біз уақытша келетін шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) ресімдейтін боламыз. ЖСН оларға елімізде бизнес жүргізу, келісімдер мен салық төлеу үшін қажет», - деп тоқталды Г. Сәрсенова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, бұрын шетелдіктер ЖСН алу үшін салық органдарына жүгінетін, ЖСН-ді қалыптастыру 5 күнге дейін созылатын.

«Біз аталған қызмет бір сағаттың ішінде іске асырылады деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде Ішкі істер министрлігі мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесі жетілдіріліп жатыр. Жаңа жылдан бастап бұл жұмысқа толықтай кірісеміз», - деп нақтылады ол.

Сонымен қатар ол ХҚКО-да жалпы көші-қон полициясы желісі бойынша 11 қызмет көрсетілетінін жеткізді.

«Және бұл тізім ұдайы кеңеюде. Соңғы 2 жыл ішінде біз ХҚКО арқылы 4 мемлекеттік қызметті қосымша көрсете бастадық. Олардың қатарында: шетелге тұрғылықты тұру үшін шығу құжаттарын ресімдеу, шетелге бірге ата-анасымен шығу үшін балалардың фотосуреттерін ата-анасының паспортына жабыстыру, еңбек мигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту, Қазақстанда тұрғылықты тұратын шетелдіктің ықтиярхатын және азаматтығы жоқ адамның куәлігін беру қамтылған», - деді Г. Сәрсенова.

Бұл тұрғыда Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер Қазақстандағы тұрғылықты жерін ауыстырған жағдайда ХҚКО-ға барып, қызмет алатынын білу маңызды. Бұған дейін шетелдік басқа өңірге көшкен кезде көші-қон қызметінен арнайы рұқсат алуы қажет болатын. Одан кейін көшіп кеткен соң басқа өңірде тіркелуі керек. Бұның барлығы бірнеше күнді қажет ететін. Енді бұрынғы мекенжайдан шығу автоматты түрде жүргізіледі, яғни жаңа тұрғылықты жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына бару жеткілікті.