Қазақстанның 4 өңірінде өндіріс көлемі төмендеп кеткен

0
682

Премьер-министр аталған өңірлер жыл аяғына дейін жағдайды түзетуі тиіс екенін айтты.


Қазақстанның 4 өңірінде өндіріс көлемі төмендеп кеткен

ERNUR.KZ. Үкіметте еліміздің биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды, деп жазады ulysmedia.kz.

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың есебінше, І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5%-ды (нақты сектор – 4,8%, қызмет көрсету саласы – 4,9%) құрады.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңгеден астам кіріс түскен (жоспар 102,3%-ға орындалған). Атап айтқанда, республикалық бюджет 6,1 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 3,1 трлн теңгеге толықтырылды.

“6 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр. Өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында төмендеп кеткен. Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуі байқалып отыр”, – деді Қуантыров.

Премьер-министр аталған өңірлер жыл аяғына дейін жағдайды түзетуі тиіс екенін айтты.

Тағы бір аса маңызды міндет – бағаның өсуін тежеу.

«Біздің алдымызда осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмысты талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет», — деді Смайылов.