Қазақстанның әскери-әуе күштері әлемдегі ең тиімді әскери ұшақпен толықты.
ERNUR.KZ. Астана қаласының авиабазасына испаниялық Airbus Defence and Space компаниясы шығарған жүк көтергіші орташа С-295МW әскери-көлік ұшағы келіп жетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Әуе кемесі 69 әскери қызметші және 8800 келіге дейін жүк тасымалдауға арналған. Ол өз санатындағы ең сенімді әрі үнемділердің бірі болып келетін Pratt & Whitney PW127G шығарған екі турбовинтті қозғалтқышпен жабдықталған. С-295МW ұшағы ең қолайсыз ауа райы жағдайында да тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін заманауи ұшуды басқарушы жүйесімен және пилоттық-навигациялық жабдықтармен жасақталған.
Қысқа және орта іс-қимыл радиусындағы ұшақтың артқы жағында пандусы бар жүк кабинасымен жабдықталған. Әуе кемесі жеке құрамды тасымалдауға, десанттауға және жүктерді лақтыруға, әуеде бақылау жүргізуге және медициналық эвакуациялауға арналған.
«Әскери-көліктік авиация мүмкіндіктерін арттыру шеңберінде 19132 әскери бөліміне С-295МW жаңа әскери-көліктік ұшақ келіп түсті. Техникалық сипаттамалары бойынша бұл өз санатындағы ұшақтардан отын шығыны жағынан ең тиімді, сенімді және үнемді ұшақтардың бірі», – деп түсіндірді Әуе қорғанысы күштері қару-жарақ бас басқармасының штаб бастығы полковник Дмитрий Федорченко.