Қазақстанның бірқатар өңірінде қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін

0
148

Қолайсыз ауа райы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен қатар, жергілікті жолдардағы жағдайға да әсер етуі ықтимал.


Қазақстанның бірқатар өңірінде қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін

Фото: Көлік министрлігі

ERNUR.KZ. Алдағы күндері Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы тұрақсыз болып, жаңбыр аралас қар мен қар жауады. Көлік министрлігі жүргізушілерді жолға шығарда ауа райы жағдайын ескеруге шақырды, деп жазады inform.kz.

Ведомство мәліметінше, өңірлер арасындағы ауа температурасының айтарлықтай айырмашылығына байланысты атмосфералық фронттардың өтуі еліміздің солтүстік және орталық өңірлеріндегі ауа райына әсер етеді.

Жаңбыр аралас қар және қар жауып, ауа температурасы төмендейді, жел күшейіп, көріну қашықтығы нашарлауы мүмкін.

Қолайсыз ауа райы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен қатар, жергілікті жолдардағы жағдайға да әсер етуі ықтимал.

– Мұндай жағдайда жолдағы ахуал күн ішінде өзгеруі мүмкін. Ауа температурасы төмендеген кезде жолдың ылғал жабыны тайғақ болуы ықтимал, ал жауын-шашын мен тұман көріну қашықтығын төмендетеді. Осыған байланысты жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықты таңдап, арақашықтықты сақтап, күрт маневрлерден аулақ болу маңызды, – делінген министрлік хабарламасында.

Көлік министрлігі әрбір сапар алдында ауа райы болжамымен және бағыт бойынша жолдардың жағдайымен алдын ала танысуға кеңес береді. Сондай-ақ сапар уақытын ауа райын ескере отырып жоспарлап, белгіленген жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажет.

Көпірлерде, жол өткелдерінде және ашық учаскелерде ерекше сақ болған жөн. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда сапарды мүмкіндігінше кейінге қалдыру ұсынылады.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін «ҚазАвтоЖол» байланыс орталығының 1403 нөмірі арқылы алуға болады.

Айта кетейік, биылғы жеті айда 1403 байланыс орталығы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына қатысты 850 мыңнан астам өтінімді қабылдап, өңдеді. Жүргізушілер көбіне ақылы жолдардағы төлем, жолдардың жай-күйі, бұзылған көліктерді эвакуациялау және басқа да мәселелер бойынша хабарласқан.