Қазақстанның сыртқы қарызы қанша екені белгілі болды

0
215

2024 жылдың басынан бастап сыртқы қарыз төлем балансының операциялары есебінен 2,7 млрд долларға, ал құндық, бағамдық және басқа да өзгерістер есебінен 0,3 млрд долларға ұлғайған.


Қазақстанның сыртқы қарызы қанша екені белгілі болды

Коллаж Ulysmedia

ERNUR.KZ. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 166,7 млрд АҚШ долларына жеткен, деп жазады ulysmedia.kz.

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл көрсеткіш 2024 жылдың басынан бері 3,0 млрд долларға өскен.

2024 жылдың басынан бастап сыртқы қарыз төлем балансының операциялары есебінен 2,7 млрд долларға, ал құндық, бағамдық және басқа да өзгерістер есебінен 0,3 млрд долларға ұлғайған.

Қазақстанның сыртқы қарызының 87,5%-ы ұзақ мерзімді сыртқы қарызға тиесілі. Бұл бір жағынан өтімділік тәуекелдерін азайтса, екінші жағынан қарызды өтеу мен қызмет көрсетуге нарықтық жағдайлардың өзгеруінің ықпалын күшейтеді. Қарыздың қаржылық құралдар түрлері бойынша құрылымында резидент еместерден алынған несиелер мен қарыздар басымдыққа ие (73,9%), ал резидент еместер қолындағы борыштық бағалы қағаздар 8,0%-ды құрайды, – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Айта кетейік, сыртқы қарыз дегеніміз – резиденттердің резидент еместер алдында төленбеген нақты және сөзсіз міндеттемелері. Бұл міндеттемелер негізгі қарызды және пайыздарды төлеуді талап етеді.

Қазақстан Республикасының сыртқы қарызы бойынша статистикалық есепте елдің сыртқы міндеттемелері мен оның құрылымы көрсетіледі. Бұл қарыздар – халықаралық инвестициялық позицияның құрамдас бөлігі.