Қазақтың ұлттық тағамдарын қалбырлап шығаруда

0
1 802

Бүгінде «Кублей» 100-ден астам өнім түрлерін шығарылады


Қазақтың ұлттық тағамдарын қалбырлап шығаруда

ERNUR.KZ. Ақ Жайық өңірдегі ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін ең ірі кәсіпорын - «Кублей» ЖШС. Экспортқа бағытталған бұл кәсіпорында ет, өсімдік, балық, тауық консервілері, деликатес және жеміс-көкөніс консервілері, дайын түскі астар мен қазақтың ұлттық тағамдары, консервіленген сүт өнімдері секілді түрлі қалбырдағы өнімдер шығарылады деп жазады sn.kz.

Серіктестік ет пен балық өнімдеріне қажетті шикізатты жергілікті жерден, еліміздің өзге өңірлерінен және шетелдерден алады. Мәселен, Атлант балықтары Прибалтика мен Марокко елінен, ал жеміс-көкөністер Венгриядан жеткізілуде. Бүгінде «Кублей» 100-ден астам өнім түрлерін шығарылады. Бір ауысымда 100 мың дана қалбыр дайындалады. Мұндағы өнімдер экологиялық жағынан таза, жасанды қоспаларсыз. Сондықтан да оларға ішкі және сыртқы нарықта сұраныс көп.

Серіктестік директоры Талғат Берекешевтің айтуынша, әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында да кәсіпорынның тынысы тарыла қойған жоқ, қазір де дамуы тұрақты. Биыл кәсіпорында өнім өндіру көрсеткіштері өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 10-15 пайызға өсті. Олай болатын жөні бар, өйткені компания өндірісті дамытудың ауқымды бағдарламасын жасақтап, өндірістік орынды техникалық қайта жарақтандырудан өткізді. Компанияның үлкен жетістігі қазақтың ұлттық тағамдарын, яғни асылған етті, қазы мен шұжықты, қуырдақты дайын күйінде қалбырлап шығару технологиясын игеруі болып отыр. Соған орай компания Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанып, республикамыздағы ірі кәсіпорындар арасынан «Халық тұтынатын тауар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымын жеңіп алды.

Екі-үш жыл бұрын серіктестік Орал қаласының іргесінен мал сойып, ет өңдейтін кешенін ашты. Бұл жерде жергілікті мал сойылып, жылына 10 мың тонна ет өңделеді. Жалпы аусымына 700 басқа дейін ұсақ мал, 250 басқа дейін ірі қара малдарын союға мүмкіндік бар. Кешен жоғары технологиялы еуропалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Соның ішінде түрлі температурадағы режимде жұмыс істейтін мұздатқыш камералар да қойылған. Мал соятын және ет өңдейтін цехтар толықтай автоматтандырылған. Аталмыш кәсіпорын халал сертификатына ие. Осы сертификаттың арқасында кәсіпорын мұсылман елдерімен серіктес болуда. Мәселен, былтыр Иранға 200 тонна ет жеткізcе, биыл бұл көрсеткіш одан екі есе көп болатын түрі бар.