Қарағандыда жаңа үлгідегі цифрлық кеңсе ашылды

0
131

Енді бір кеңістікте мемлекеттік қызметтерді алуға, цифрлық сервистерді меңгеруге және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға болады.


Қарағандыда жаңа үлгідегі цифрлық кеңсе ашылды

ERNUR.KZ. Қарағандыда жаңа форматтағы AI-кеңсе ашылды. Оның басты мақсаты – тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді алуын жеңілдетіп, уақытын үнемдеу және цифрлық мүмкіндіктерді көпшілікке қолжетімді ету.

Дәстүрлі халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ерекшелігі – облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған бұл кеңсе тек келушілерге қызмет көрсетумен шектелмейді. Мұнда тұрғындардың цифрлық сауатын арттыруға да басымдық берілген.

Келушілер қажетті құжаттарын рәсімдеп, мамандардан кеңес ала алады. Сондай-ақ электрондық қызметтерді ешкімнің көмегінсіз, өз бетінше пайдалануды үйренеді.

– Біз азаматтардың цифрлық сауатын арттырып, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Қарағандыда AI-кеңсенің ашылуы – осы бағыттағы кезекті қадам. Біздің мақсатымыз – тұрғындарға өздеріне қажетті мемлекеттік қызметтерді заманауи цифрлық шешімдердің көмегімен ыңғайлы жағдайда, өз бетінше алуына мүмкіндік жасау. Жаңа орталықтың мүмкіндіктері тұрғындардың уақытын үнемдеп, күнделікті мәселелерін қолайлы жағдайда шешуіне көмектесетініне сенімдімін, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Жаңа кеңседе тұрғындарды цифрлық қызметтерді пайдалануға үйретуге де ерекше мән берілген. Мұнда цифрлық сауаттылық бойынша тегін сабақтар өткізіледі.

Мамандар қала тұрғындарын электрондық сервистердің мүмкіндіктерімен таныстырып, мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу үшін қажетті дағдыларды үйретеді. Оқу сабақтары сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін ұйымдастырылады.

Кеңістікті жоспарлау кезінде балалы отбасылардың да жайлылығы назардан тыс қалмаған. Ата-аналар құжаттарын рәсімдеп немесе мамандардан кеңес алып жатқанда, балалары арнайы жабдықталған ойын аймағында уақыт өткізе алады.

AI-кеңсе Қарағанды қаласындағы Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында орналасқан.