Келер жылы Ақтөбе өңіріндегі 11 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі

0
247

Келер жылы өңірдің экономикалық өсімін кемінде 103% деңгейінде қалыптастыру күтілуде.


Келер жылы Ақтөбе өңіріндегі 11 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында 2025 жылдағы өңір алдындағы негізгі жоспарлар жайында баяндады. Оның хабарлауынша, келер жылы өңірдің экономикалық өсімін кемінде 103% деңгейінде қалыптастыру күтілуде. Бұл ретте, өнеркәсіп бойынша 2 трлн теңгеге өнім өндірілмек. Сондай-ақ облысқа 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады.

Өңірдің транзиттік әуелетін бұдан әрі дамыту мақсатында «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» республикалық автожолының 110 шақырымы аяқталады. Нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 80%-ға жеткізіледі. Аталған көрсеткішке жету мақсатында алдағы жылы 46 жобаны іске асыру көзделуде.

«Сондай-ақ республикалық «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының 6 учаскесін қайта жаңарту жоспарда. Инженерлік инфрақұрылым бойынша келесі жылы 5 мыңнан астам халқы бар 11 ауылға ауыз су жүргізіп, таза ауыз сумен жабдықтау мәселесін толықтай шешетін боламыз. 9,8 мың халқы бар 24 ауылды газдандыру арқылы газбен қамту деңгейін 96,8%-ға дейін жеткізу», – деді өңір басшысы.

2025 жылы барлық қаржыландыру көзінен 975 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар. «Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында 70 жас отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес 11 нысан жүзеге асырылады. Сондай-ақ 7 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіледі.

3 үш ауысымды, 2 апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында алдағы жылы 16,4 мың оқушыға арналған 27 жаңа мектеп салынады. Бұдан бөлек, 300 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Бұл мақсаттарға қайтарылған активтер есебінен 7,9 млрд теңге бөлінеді.

27 ауылды интернетпен қамтамасыз ету деңгейі 98,8%-ға дейін жеткізіледі. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдардың 340 шақырымында мобильді байланыспен қамтитын 17 бағана орнату көзделген.