"Кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын" ҚР министрі Арыстағы жарылыс туралы

0
1 407

Арыстағы жарылыс: Ол – табиғи нәрсе. Әрбір арсеналдың қауіптері бар.


ERNUR.KZ. Бүгін мәжілістің жалпы отырысынан кейін қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді, деп жазады sputniknews.kz.

БАҚ өкілдері алдымен Арыс қаласына жақын тұрған әскери бөлім мен оның арсеналын көшіруге қанша қаражат қажет болатынын сұрады.

"Қазір біз есептеп жатырмыз. Жалпы, көшіруге бірнеше миллиард керек болады. Бүгінде есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Ермекбаев.

Содан соң тілшілер "Сіз Арыстағы жағдай үшін халықтан кешірім сұрайсыз ба?" деген сұрақ қойды. Министр сәл бөгеліп:

"Кінәлі деп айтуға болмайды. Ол – табиғи нәрсе. Әрбір арсеналдың қауіптері бар. Мен әзірше кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын", - деп жауап берді.


Арыстағы төтенше жағдай. 24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала маңындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.

Жергілікті тұрғындардың үрейі ұшып, үйлерін тастап қашты. Содан кейін халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.

Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапқан: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.

Төтенше жағдайдан келген шығын мөлшері 20 миллиард теңге шамасында деп болжанып отыр.

Арыстағы жарылысқа қатысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қару-жарақ, оқ-дәрi немесе басқа да қауіпті заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екi немесе одан да көп адам қаза болған жағдайда, айыпты бес жылдан он жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін.