Бірінші сынып оқушыларының ата-аналары жоғары оқу орындарының тәжірибесіз түлектері немесе соңғы курс студенттері сабақ береді екен деп алаңдаушылық білдіруде.
ERNUR.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бірінші сынып оқушыларына сабақты педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері береді деген ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады ҚазАқпарат.
Алматының білім саласы қызметкерлерінің «Алматының білім болашағы: жаңа жағдайдағы перспективалық шешімдер» атты форумында Б. Сағынтаев кезекші топтардағы 1-2 сынып оқушылармен тәжірибелі мұғалімдердің жұмыс істейтіндігін атап өтті.
«Бірінші сынып оқушыларының ата-аналары жоғары оқу орындарының тәжірибесіз түлектері немесе соңғы курс студенттері сабақ береді екен деп алаңдаушылық білдіруде. Бұған жол берілмейді. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балалармен тәжірибелі мұғалімдер жұмыс жасайтын болады. Еш күдіктенбеңіздер. Білім басқармасына тиісті тапсырмалар беремін»,– деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Форумда жаңа жағдайда оқу процесін ұйымдастыру жайы талқылануда. Оның ішінде кезекші топтарда санитарлық қауіпсіздікті сақтау, қашықтан оқытуды ұйымдастыру, педагогтар мен мұқтаж оқушыларды компьютерлік техникамен және интернетпен қамтамасыз ету бар. Сонымен қатар, балабақшалар мен мектептерде орынмен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері де талқылануда.