Шахматшы қызды Қазақстаннан аман шығарып салу үшін шахмат федерациясы әрбір жүрген қадамына аса мұқият болған.
ERNUR.KZ. Шахматтың рапид және блиц түрінен Алматыда өткен әлем чемпионатына ирандық шахматшы Сарасадат Хадемальшарьехтің хиджабсыз келуі ұйымдастырушыларды біраз тығырыққа тіреген. Өйткені белгісіз біреулер қайта-қайта қоңырау соққан. Бұл туралы "Қазақстан шахмат федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов Орталық коммуникациялар қызметінде айтты, деп жазады sputnik.kz.
"Біраз тәуекелге бас тіккеніміз рас. Турнир директоры ретінде өз әріптестеріме бұл жағдайға мұқият болу керектігін айттым. Өйткені белгісіз нөмірлерден бізге телефон шалғандар көп болды. Олар ирандық шахматшы қыздың тұратын жерін сұрады", - дейді Дәрмен Сәдуақасов.
Ол шахматшы Сарасадат Хадемальшарьехтің Қазақстаннан өз отанына емес, Испанияға ұшып кеткенін және жуық арада Иранға оралмайтынын айтты.