Осы кейде пенденің, тіпті тұтас ұлттың таным-ой зердесін оятып, көңілдің пердесін ашар сұрақ сияқты.
ERNUR.KZ. Қазақтың қарым-қабілеті жетеді. Ақыл да, зерде де бар. Парасат пайымы да толысқан.
Тарихқа қарасаңыз, талай заманды бастан өткеріп, тағдыр жазған сынақтың азабына төзген халықпыз. Біреуден ақылымыз кем, зердеміз жұтаң болып туған жоқпыз. Теңбіз. Онда мәселе қайда? Сол мәселе қабілетте емес-ау, қабілетті қалай пайдаланатынымызда шығар. Білімді қаншалықты үздіксіз, үзбей толықтырып отырмыз?Адам дүние есігін дәйім дайын біліммен ашып келмесі ақиқат. Ұлт та солай. Әлем өзгерген сайын сен де оқып, үйреніп, ізденіп отыруың керек. Әйтпесе, кеше жеткен жетістігің бүгінгі бәсекеге жауап бере алмай қалуы әбден мүмкін. Мүмкін емес, шындығы сол.Мұны Абай атамыз сонау он тоғызыншы ғасырда-ақ таным тереңінен түсінген.
Жиырма бесінші қара сөзінде дәуірінің озық ғылымы мен білімін меңгеруге үмітін үкілеп, үндеген еді. Хәкімнің айтпағы: Заманның білімінен сырт қалма, дүниенің озығын үйрен деген сөз. Бүгін бізде мүмкіндік одан да мол. Әлемнің кез келген кітабы қолымызда тұр. Ғылымның кейінгі жаңалығын оқып, үйренгің келсе, ештеңе кедергі етпейді. Білімнің шекарасы жоқ. Бірақ, аламан тасыры бір басылмайтын ақпарат көбейген сайын кітапқа уақытымыз азайып бара жатқандай. Иә, кітаптың қолжетімді болуы мен адамның оны оқуы — екі бөлек әңгіме.Айттық қой, қазір ақпараттың заманы. Смартфонды ашсаң, мың жаңалық алдымыздан шығады. Бірінен біріне өтеміз. Свайптап сырғытып, көреміз. Ұнаса, оқимыз. Тек тез ұмытып қаламыз.
Ал, кітап болса, басқа әлем. Кітап сенен уақытыңды сұрап, сабырыңды сынайды. Бір ойдың соңына дейін баруды талап етеді. Кейде өзіңнің бұрынғы түсінігіңді қайта қарауға мәжбүрлейді. Сондықтан кітап оқыған сайын дүниені біліп қана қоймайсың, өзіңді де басқа қырыңнан танисың.Ғылымда да оқу мен когнитивтік қабілеттің арасында байланыс бары турасында зерттеу көп. Алайда, мәселені тек денсаулықпен өлшеу тарлық етеді.
Кітап — адамның сөлді сөзі мен орамды ойын, таным талдауын, дүниеге көзқарасын өзгертіп, икемдеп, соның бәрін бекемдейді. Кітап оқудың пайдасын кейде тым тар түсініп жүрміз-ау. Бұл енді білімді көбейту немесе сөздік қорды байытудан ғана тұрмасы хақ. Мәселен, жиі кітап оқитын ересектерде когнитивтік құлдырау қаупі төменірек болған. Әрине, мұны «кітап оқымасаң, міндетті түрде деменцияға ұшырайсың» деуге болмайды. Алайда, ақыл-ойды үнемі жұмыс істетіп отырудың маңызы барын ғылым да аңғартып отыр.
Оған қоса, адам оқыған сайын жалғыз оймен қалмайды. Кітап арқылы өзгенің ойын танып, пікір салыстырып, ортақ ойға ойысады.
Ал бірлесіп оқу мен талқылауға негізделген бағдарламалардың үлкен кісілердің әлеуметтік араласуы мен жалғыздық сезімінің азаюына һәм психоәлеуметтік әл-ауқатына оң ықпал етуі мүмкін екенін психологтар айтып жүр.Дамыған қоғамдардың оқу мәдениетіне қарасаңыз, қызық. Олар кітапты тек мектеп оқушысының міндеті деп қабылдамайды. Оқу сауаттылығы деп, мәтінді оқып шыққанына мән бермейді. Ақпаратты түсіну, бағалау, салыстыру әрі одан қорытынды жасай алу қабілетін ашқанына маңыз береді. Бәлкім, бізге дәл осы әдет жетіспей жатқан болар, ә?!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зерделі ұлт қалыптастыру бастамасының мәнін осы жерден іздеген жөн. «Зерделі ұлтты» «көп білетін жандардың жиынтығы» екен деп түсінсек, жаңсақ пайым. Мың сан ойланып, сараптап сұрақ қоятын, ілімге иек артып, ізгілік іздейтін, ізденетін, оқитын қоғам деп ұққанда, ұпайымыз түгел. Өз ойым, әрине. Қазір халықты кітап оқып, білімін интеллектуалдық сайыста сынайтын «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ел-жұртты Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан жобаға белсенді қатысуға шақырды.
Содан кейін reading-nation.kz сайтына тіркелдім, күні кеше. Алдымда 15 кітап тұр. Оқып, кейін интеллектуалдық сайыста білімімді сынап көрмекшімін.Жүлдеге қол жеткізейін деген ниетім жоқ. Кітап оқығанымды бәзбіреулерге көрсетіп, мақтангершілік үшін қажет деп те ойламаймын. Өзім үшін оқимын. Дегенмен, осындай ортақ іске қатысып, азамат ретінде үлесімді қосқым келеді. «Кімнен кембіз?» деп сұрадым ғой. Анығында, ешкімнен кем емеспіз. Ендеше, білім мен ізденіс, кітап оқудан да кем қалмайық.
Алмат Әбдіраман


