Қоғамдық жұмыстан жалтарғандарға жаза қатаңдай түседі

0
188

Жұмыс тобы 500-ден астам түзетуді талқылағанын айтады.


Қоғамдық жұмыстан жалтарғандарға жаза қатаңдай түседі

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Келесі жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жаңа кассациялық соттар іске қосылмақ, деп жазады inbusiness.kz.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданған.

Депутат Үнзила Шапақтың айтуынша, заң көптеген түзетумен толықтырылған. Ол үшін жұмыс тобы 30-дан аса отырыс пен көшпелі жиын өткізген.

– Заңда Парламент Мәжілісінде қарау кезінде барлық орталық мемлекеттік органмен, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен 2023 жылғы 18 қазанынан бастап осы жылдың 2 желтоқсанына дейін жұмыс тобының 34 отырысы және 4 көшпелі отырыс өткізілді. Осы кезеңде Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесе отырып, жұмыс тобы аясында 500-ден астам түзетуді талқылады. Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша, қазіргі уақытта заң жобасының Үкіметтік редакциясы (189 түзету) Парламент Мәжілісі депутаттарының 217 түзетуімен толықтырылды. Оның ішінде 211 позиция қабылданды, ал 6 позиция қабылданбады, – деді ол.

Депутаттың мәліметінше, енді қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайлардағы ішкі істер органдарының рөлі күшейтіле түспек.

– 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жаңа кассациялық соттар іске қосылады. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне заң жобасы шеңберінде кассациялық сотта жүгіну мен қайта қараудың бірыңғай қағидаларына бағытталған түзетулер қабылданды. Атап айтқанда, түзетулер дауды мәні бойынша шешетін сот актілері апелляциядан кейін күшіне енуді реттейді. Қабылдау үшін алдын ала қарауды жою ұсынылады, өйткені бәрі "үздіксіз кассация" қағидаты бойынша жұмыс істеуі керек, яғни істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын алқалы құрамның қарауына түсуі қажет.
Сонымен бірге, кассация үшін ақылға қонымды мерзімді бекітуге бағытталған, бірақ алты айдан аспайтын түзетулер қабылданды. Кодекстің бірқатар бабына қатысты Конституциялық Соттың үш нормативтік қаулысын іске асыру үшін түзетулер қабылданды (2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12-НП, 2023 жылғы 13 маусымдағы №19-НП, 2023 жылғы 3 қазандағы №31-НП), – деп сөзін толықтырды депутат.