Қасапшы өзінің бұл сойысын ата-бабамыздан келе жатқан үрдіс, бұрынғы қазақтар қойды осылай сойған — дейді.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеоға қатысты танымал этнограф Болат Бопайұлы пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақта мал сою дәстүрінде мұндай оғаш сойыс ешқашан болмаған, деп жазады exk.kz.
Әлеуметтік желіде кең тарап кеткен видеода ер адам қойды мойнынан асып, құйрығын төмен қаратып сойып жатқаны желі қолданушылары арасында түрлі пікір-талас тудырды. Онда қасапшы өзінің бұл сойысын ата-бабамыздан келе жатқан үрдіс, бұрынғы қазақтар қойды осылай сойған — деп өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдегісі келеді.
"Ең дұрыс сойыс осы. Басынан іліп сойсаң қойдың көк еті өзінде қалады. Бұрынғы үлкен кісілердің барлығы осылай сойған. Терісін сыпыру оңай болуы үшін осылай іліп қояды. Ішек-қарын, өкпе-бауыр алғанға өте қолайлы. Ал аяғынан іліп қою ол көше сойысы. Ал біздікі атам қазақтың сойысы", — дейді қасапшы.
Қасапшының әрекетіне қатысты еліміздің танымал этнографы Болат Бопайұлы пікір білдірді. Этнограф қазақ- қазақ болғалы қойдың басын жоғары көтеріп, мойыннан жіппен қылқындыра іліп, мұндай жабайы мал сою дәстүрі ешқашан болған емес, — дейді.
"Қазақта малды артқы тілерсектен іліп жоғары асып сою, таза жерде жатқызып сою, малды үйтіп сою мәдениеті бар екенін, жалпақ қазақ баласы өте жақсы біледі. Әрі жақсы қастерлейді. Мал сою мәдениетінде қазақтан асқан мал соятын шебер қасапшы жоқ. Осы орайда айтпасқа болмады. Қазақ төрт түлік малдың әр қайсысын өз әдебі, өз мәдениетімен сояды. Оған қатысты ырым, ғұрып, кәде, салт, дәстүр жеткілікті. Ал малдың басын жоғары іліп, буындырып қойып сою — өте жаман ырым. Сөлкей көрініс, асылып өлген адамның бейнесін елестетеді. Ол шаңырақта жақсылық болмайды. Беймезгіл қаралы күн туады, жаман ырым жасамаңдар — деп ата — бабаларымыз тыйым салған", — дейді Болат Бопайұлы.
Болат Бопайұлының айтуынша, мал денесінде 9 харам бар. Олар: Қаны, жыны, безі, шыбығы, қуығы, маңқасы, өті , көз суы, ені. Сондықтан қасапшылар малды таза союға тырысқан.
"Бауыздалған малдың қаны сарқылып ағып болғанша күтеді. Малдың жаны әбден шығып, қаны ағып болған соң ғана малдың аяғын байлаған жіпті шешеді. Бауыздаған жерін таза сумен жуып әбден тазалайды. Пышаққа жұққан бауыздау қанын да жуып тазалайды. Сосын барып мал терісін төсінен бастап, тіліп сыпырады. Артқы аяғының асық жілігі ашылған соң, оң жақ тілерсегінен жоғары көтеріп, басын төмен қаратып іліп, асып қойып сояды. Осы кезде мал денесінде қалған қан мен жын төменге қарай сарқыла ағады. Оның астына ыдыс қояды" , — дейді этнограф.
Сондай-ақ ол: "Сыртымыздан сын көзбен қарап отырған басқа да ұлттар мен ұлыстар бар. Олардың алдында ұятқа қалатын, ұялтатын оғаш қылықтар жасамаумыз керек. Біз өз беделімізді ғана түсіріп қоймай, ұлт беделін қоса түсіреміз. Ата — баба дәстүріне қиянат етуден артық арсыздық болмас. Дарақылықты қою керек. Арттан ілесіп өркендеп өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың алдында оғаш қылық, жат әрекет жасамаумыз керек. Тарихты қолдан жасай алмаймыз. Кез келген жеке адамның бірер ісі дәстүр болмайды. Бүгін қойды басынан іліп, ертең жонынан іліп ,одан кейін шалқайтып қарнынан іліп сойып, "Мынау қазақтың дәстүрі", " Бұрын аталарымыз осылай қой сойған екен" десек ұяттың көкесі сонда болар"