Қоқыс маңынан табылған мәйіт: іс сотқа жетті

0
86

Мәйіт үлкен сөмкеде болған, ол қоқыс контейнерлерінің жанына шығарылған.


Қоқыс маңынан табылған мәйіт: іс сотқа жетті

Фото: diapazon.kz

ERNUR.KZ. Ақтөбеде 11 наурыз күні қала орталығынан табылған ер адамның мәйіті бойынша сот отырыс өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Диапазон» басылымының жазуынша, Ақтөбеде 11 наурыз күні қала орталығында ер адамның мәйіті табылды. Мәйіт үлкен сөмкеде болған, ол қоқыс контейнерлерінің жанына шығарылған. Куәгерлердің айтуынша, сөмкеден жағымсыз иіс шыққан.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, тексеріс жүргізіп, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейінірек бұл іске қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталғаны хабарланды.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 25 маусымда аталған қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті.

Іс бойынша 62 жастағы Ақтөбе тұрғыны айыпталып отыр. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, оқиға 21 ақпан күні болған. Айыпталушының үйіне Е. есімді ер адам қонаққа келген. Олар ішімдік ішіп отырған кезде арасында жанжал туындаған.

Сол сәтте үй иесі қонағына пышақпен бірнеше рет соққы жасаған, нәтижесінде жәбірленуші қаза тапқан.

Одан кейін айыпталушы мәйітті үлкен сөмкеге салып, 24 ақпанға қараған түні шанамен қоқыс жәшіктерінің жанына апарып тастаған. Мәйіт салынған сөмке 11 наурыз күні күдік тудырып, полиция шақырылған.