Су жаңа көлік айып тұрағына қойылды.
фото: Sputnik / Владислав Воднев
ERNUR.KZ. Ақтөбеде автосалон қызметкері жаңа көліктерге мемлекеттік нөмірді заңсыз тағып, көлік басқарған, деп жазады sputnik.kz.
18 қарашада патрульдік полиция қызметкерлері Shangan маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралына жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып алғаны белгілі болды.
"Қорғау" базасы мен көпфункционалды камералардың көмегімен аталған әкімшілік құқық бұзушылық толық дәлелденді. Бұдан бөлек, жалған нөмірлер автосалондағы басқа да автомобильдерге қолданылған", - дейді ведомство.
Департамент мемлекеттік нөмірдің қайдан алынғанын айтып берді. Ведомствоның мәліметінше, автосалон қызметкері тіркеуден шығып қалған нөмірді пайдаланған.
Қызметкер нөмірді тағып алып, көлікті жууға және жұмыс барысындағы қажеттіліктер үшін пайдаланған. Автосалондағы су жаңа көлік айып тұрағына қойылды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, Ақтөбе қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.


