Конституция ғылым, білім және адами капитал басымдығын бекітеді – Дания Еспаева

0
91

Негізгі өзгерістерге тоқталған Дания Еспаева жоғары мемлекеттік билік органдарының құрылымы мен архитектурасын қайта қарау ұсынылатынын айтты.


Конституция ғылым, білім және адами капитал басымдығын бекітеді – Дания Еспаева

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева Конституциялық комиссияның жұмысы және жаңа Конституция жобасының негізгі жаңашылдықтары туралы айтып берді.

Оның алғашқы жеке ұсыныстарының бірі – қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізумен шектелмей, Негізгі заңның жаңа редакциясын әзірлеу болды. Себебі, келіп түскен түзетулердің көлемі қолданыстағы Конституция мәтінінің жартысынан асқан. Бұл бастаманы сарапшылар мен Комиссия мүшелері қолдады. Бұл туралы ол алдағы дауыс беру қарсаңында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған «Референдум–2026» жалпыұлттық онлайн-марафоны барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Конституциялық комиссияның жұмысы, әсіресе, жаңа Конституция жобасы алғаш жарияланғаннан кейін, қарқынды әрі жауапты болды. Азаматтар тарапынан көптеген ұсыныс түсіп, олардың негізінде жаңа нормалар қалыптасты. Атап айтқанда, тұрғын үйге қол сұқпаушылықты қорғау және теңгенің мәртебесі туралы ережелер енгізілді.

Негізгі өзгерістерге тоқталған Дания Еспаева жоғары мемлекеттік билік органдарының құрылымы мен архитектурасын қайта қарау ұсынылатынын айтты. Атап айтқанда, вице-президент лауазымын енгізу, парламенттік реформа жүргізу көзделіп отыр: екі палаталы Парламенттің орнына Құрылтай құру ұсынылады. Сонымен қатар жаңа институт – Халық Кеңесі құрылады. Оған консультативтік орган ретінде алғаш рет заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Оның айтуынша, мұндай жаңашылдық әлемдік тәжірибеде жоқі және бұл азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарға өз құқықтарын аталған институт арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ол Конституция деңгейінде алғаш рет мәдениет, білім, ғылым және технологиялар басымдығы стратегиялық қағидат ретінде бекітілетінін атап өтті. Бұл мемлекеттің минералдық ресурстарға емес, білім мен адами капиталға басымдық беретінін білдіреді.