Конституциялық комиссияның екінші отырысы: келіп түскен ұсыныстарды талқылау

0
110

Отырыстың модераторы, ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова Комиссияға 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті.


Конституциялық комиссияның екінші отырысы: келіп түскен ұсыныстарды талқылау

ERNUR.KZ. Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр. Іс-шара конституциялық реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстарды талқылауға арналды. Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген, ал талқылаудың барлық кезеңдері жұртшылық үшін тікелей эфирде көрсетілуде.

Отырыстың модераторы, ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова Комиссияға 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын және реформаға деген жоғары қызығушылықты айқын көрсетеді.

«Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», – деді Эльвира Азимова.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева 2025 жылдың қазан айынан бастап түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді ұсынды.

ҚР әділет министрі Еран Сәрсембаев Қазақстандағы кадрлық тағайындау тәртібіне қатысты ұсынылған өзгерістер туралы баяндады. Атап айтқанда, Конституцияда Президент Құрылтайдың келісімімен, оның депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен: ҚР Вице-президентін, ҚР Премьер-министрін, Конституциялық Соттың 10 судьясын, ОСК-ның 6 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін қызметке тағайындайтынын бекіту ұсынылады. Бұл ретте Президент аталған лауазымдарға тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Құрылтайды тарату құқығына ие болады. Мемлекет басшысының Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындауы қарастырылатыны аса маңызды.

Әділет министрі Вице-президент лауазымына тоқталды. Оның айтуынша, вице-президент өкілді органның депутаты болуға, басқа да ақылы лауазымдарды атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға және саяси партиялардың мүшесі болуға құқылы емес.

Егер вице-президент Президенттік өкілеттіктерді өзіне қабылдай алмаса, онда ол Құрылтай төрағасына, ал соңғысы да мүмкін болмаса, Премьер-министрге өтеді.

Сонымен қатар, Конституцияда әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы сот билігін іске асыру туралы ережені бекіту ұсынылады.

«Конституцияға тиісті түзетуді енгізу әкімшілік соттарға конституциялық құқықтық мәртебе беріп, жария-құқықтық дауларда азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттырады әрі қоғамның сот билігіне деген сенімін нығайтады», – деді Ерлан Сәрсембаев.

Әділет министрінің айтуынша, ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер мемлекеттің іс-қимылының болжамдылығы мен жүйелілігін арттырады.

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың хабарлауынша, бірпалаталы Парламентке көшуге байланысты қолданыстағы Конституцияның «Парламент» бөлігіндегі бірқатар баптарға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұл өзгерістер Парламентті қалыптастыру, сайлау тәртібі, өкілеттіктері, құзыреті, заңдарды қабылдау рәсімдері және Парламенттің құрамына қатысты болады. Сонымен қатар кейбір нормаларды толықтай алып тастау көзделіп отыр. Құрылтай пропорционалды жүйе бойынша сайланатын 145 депутаттан құралады. Конституцияда сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдардың сайлау құқықтарын шектейтін норманы бекіту ұсынылады.

Сонымен қатар Конституцияның «Халық кеңесі» бөлімі талқыланды.

«ҚР Халық кеңесі ҚР халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болып белгіленеді және оның құрамы ҚР азаматтарынан қалыптастырылады. Халық кеңесін құру тәртібі және оның құрамы, өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру мәселелерін айқындайтын заңға конституциялық мәртебе берілгенін ерекше атап өту қажет. Халық кеңесіне қатысты Конституцияға ұсынылған нормалар мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттарына, қоғамдық келісімге, жалпы ұлттық бірлік пен ынтымақты нығайтуға, мемлекет қызметінің қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі ұсыныстар мен ұстанымдарды әзірлеуге байланысты мәселелерді қамтиды. Мемлекет басшысының ұсынысы негізінде Халық кеңесіне заң жобаларын енгізу және республикалық референдум тағайындау туралы маңызды ұсынысқа бастама жасау құқығын беру көзделген. Халық кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығын енгізу қоғамдық қатынастар мен аймақтардың дамуына, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға қатысты маңызды бастамаларды жедел шешуге ықпал ететін заңнамалық қолдауды қамтамасыз етіп, өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырады деп күтілуде», – деді Нұрлан Бекназаров.

Негізгі заңға ұсынылған түзетулер жекелеген жұмыс секциялары шеңберінде талқыланып жатыр.