Кореялық компания Манғыстау облысында қоқыс өңдейтін зауыт салады

0
1 189

Жоба құны – шамамен 50 миллион доллар.


Кореялық компания Манғыстау облысында қоқыс өңдейтін зауыт салады

ERNUR.KZ. Оңтүстіккореялық компания Манғыстау облысында қоқыс өңдейтін зауыт салмақ, деп жазады «Хабар 24».

Президент Мун Чже Ин сәуір айында Қазақстанға жасаған сапары барысында бұл туралы келісімге қол жеткізілген. Бүгін Қазақстан елшісі Бақыт Дүйсенбаев осы жобамен етене танысты. Зауыт жылына жүз мың тоннадан аса қалдық өңдеуге мүмкіндік береді. Қоқысты 300 градустан жоғары температурада өңдейді. Осыдан кейін жылу және электр энергиясын, сондай-ақ газ шығаруға болады. Бұл технология қалдық қалдырмай, қоршаған ортаға зиян тигізбейді. Жоба құны – шамамен 50 миллион доллар.

– Біз кез келген қоқыс, тамақ, тұрмыстық немесе медициналық қалдықтарды өңдей аламыз. Қоқыс өртейтін камерада пайда болған газды бойлерге жіберіп, одан бу шығарамыз. Зауыт 3 түрлі табыс әкеледі. Қоқысты өңдеу үшін арнайы қаржы төлейді, ал бу мен электр энергиясын өзге компанияларға сатамыз, - деп айтты компанияның бас менеджері Пак Ин Джон.

Қазақстанның Корея республикасындағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев автокөлік шығаратын зауыт салу туралы құжаттарға да қол қойылғанын атап өтті.

– Түрлі жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылып отыр. Олардың арасында Қазақстанда лифт шығаратын зауыт салу жобасын атауға болады, - дейді ол