Коронавирус: Нұр-Сұлтанда төрт науқастың жағдайы ауыр

0
1 035

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда 61 адамнан коронавирустық инфекция табылып, стационарда жатыр.


Коронавирус: Нұр-Сұлтанда төрт науқастың жағдайы ауыр

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада коронавирус инфекциясымен тіркелген соңғы 20 науқас туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«20 науқастың 14-і — стационарлық емдеуде жатқан науқастар. Олардың бір бөлігі өкпе қабынуы күдігімен ЖРВИ белгілерімен және дене қызуымен ауруханаға түскен. Екінші бір бөлігі – 24-25 наурызда коронавирустық инфекция анықталған адамдармен жақын байланыста болғаны үшін тексеруге алынғандар. Сонымен бірге, науқастар арасында өзге елдерден ұшып келіп, оқшауланған адамдар да бар», - деді басқарма басшысы «Хабар 24» телеарнасында өткен брифингте.

Оның айтуынша, 6 жағдай Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары арасында жүргізілген мониторинг барысында тіркелген.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда 61 адамнан коронавирустық инфекция табылып, стационарда жатыр. Төрт науқастың жағдайы – тұрақты ауыр. Олардың өкпе қабынуы расталды және тыныс жетіспеушілігі бар. Коронавирустық инфекция бойынша хаттамаға сәйкес ем-дом алып жатыр. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, шағым жоқ, дене қызуы қалыпты», - деді Сәуле Қисықова.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 109 науқас тіркелді.

Нұр-Сұлтан қаласында 61 адамда коронавирус инфекциясы анықталды. Алматы қаласында - 40 адам, Шымкент қаласында – 2 адам, Қарағанды қаласында - 2, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1 адамнан тіркелген.