Алматыда 74 жастағы анасын сабап тастаған Александрға сот жаза тағайындады.
Алматыда 74 жастағы анасын сабап тастаған Александрға сот жаза тағайындады. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Дерекке сүйенсек, кейуана қанша таяқ жесе де, сот залында ұлын бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Аталмыш азаматқа 1,6 жыл бас бостандығын шектеу және 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды. Сотталған адам өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Анасы сотта оны бас бостандығынан айырмауды сұрады,
— деді қалалық соттың баспасөз қызметі.
Еске салайық, Экспресс К бұған дейін көше жиегінде сөзге келіп қалған келіншек пен қарт кісінің жанжалы бейнебақылау камерасына түсіп қалғанын жазған еді. Бірақ айғайласқан әйелдердің арасына ер адам араласып, қарт кісіні өлімші етіп сабап тастайды.
Кейін бұл іске байланысты қалалық прокуратура түсініктеме берді. Яғни, Александр есімді ер кісі 74 жастағы өз анасын әйеліне араша түсу үшін ұрып тастағанын айтқан.