Ол қалыпты автобус орындықтарының орнына төсек қойған.
Фото: Қостанай облысы ПД
ERNUR.KZ. Қостанай облысында қалааралық автобусын орындықпен емес төсекпен жабдықтаған жүргізуші жауапқа тартылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай жайлылық жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.
Қостанай облысының аталмыш автобусты «Алматы-Екатеринбург» тасжолының бойында ұстаған. Салонда 36 төсек-орын орнатылыпты.
Түркістан облысының 40 жастағы тұрғыны, автобус жүргізушісі жолаушыларға қалааралық тұрақты тасымалдаудың күмәнді әдісін ұсынған.
«Автобуста техникалық сынақтардан және тиісті сараптамалардан өтпеген конструкциялар қолданылғаны ерекше алаңдатады. Іс жүзінде жүргізуші автобустың құрылысына қауіпсіздігін растамай, өз бетінше өзгерістер енгізген.
Зерттеулер көрсеткендей, орындардың мұндай «конфигурациясы» апаттар кезінде қажетті қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Кәдімгі орындықтардан айырмашылығы, автобус соқтығысқан жағдайда мұндай құрылымдар жолаушыларды ұстап қала алмайды, бұл ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін.
Сарапшылар осындай автобустар сынақтардан өтпегенін және жаппай тасымалдауда конструкцияларды пайдалану қажетсіз қауіп тудыратынын атап көрсетеді.
Полицейлер барлық кемшіліктер жойылғанға дейін автобусты пайдалануға тыйым салу арқылы жедел шаралар қабылдады және оған автобусты тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтағаны үшін 60 мың теңге айыппұл тағайындады», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.